✅ Пайдалы

ЭЦҚ енді толық онлайн беріледі. Жүйе қалай жұмыс істейді?

2025 жылдың 11 тамызынан бастап Қазақстанда электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) алу тәртібі түгелімен онлайн форматқа көшеді, деп жазады Ozgeris.info

Бұдан былай ЭЦҚ алу үшін халыққа қызмет көрсету орталығына (ХҚКО) барудың қажеті болмайды. Бар болғаны egov.kz немесе pki.gov.kz порталдарының біріне кіріп, өтінім берсеңіз жеткілікті.

Онлайн өтінімді рәсімдегеннен кейін, жүйе сізден биометриялық сәйкестендіру сұрайды. Яғни, камера арқылы бет-әлпетіңізді таниды. Бұл тәсіл сіздің шынымен де өзіңіз екеніңізді анықтау үшін қажет. Егер бетіңіз сәтті танылса, ЭЦҚ бірден беріледі. Ал сәйкестендіру сәтсіз өтсе, азаматқа бес мәртеге дейін әрекетті қайталауға мүмкіндік беріледі. Егер барлық талпыныс нәтижесіз болса, сол кезде ғана ХҚКО-ға барып, офлайн рәсімдеуге болады.

Айта кету керек, енді ХҚКО қызметкерлері ЭЦҚ өтінімін тікелей қабылдамайды. Тек биометриялық сәйкестендіруден өте алмаған азаматтарға ғана көмек көрсетіледі. Сонымен қатар үйінде интернеті немесе техникалық мүмкіндігі жоқ азаматтар ХҚКО-ның өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында биометрия арқылы онлайн рәсімдей алады.

Жаңа жүйенің ең басты артықшылығы – қауіпсіздік. ЭЦҚ  заң жүзінде қойылған қолмен тең, сондықтан оның бөтен адамның қолына түспеуі маңызды. Биометриялық сәйкестендіру арқылы бұл тәуекел барынша азайтылады. Мысалы, 2025 жылдың алғашқы жартысында елімізде 14,9 миллион ЭЦҚ берілсе, соның 92,25 пайызы онлайн рәсімделген. 

Барлық жаңалық