Маңғыстау өңіріндегі бірегей табиғи нысан — Ыбықты Сай аумағында вандализм дерегі тіркелді. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада белгісіз ер адамның жартас бетіне өз аты-жөні мен көлік нөмірін қашап жазып жатқаны жұртшылықтың ашуын туғызған болатын. Полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларының нәтижесінде құқық бұзушыны анықтады, ол 2005 жылы туған жергілікті тұрғын болып шықты деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, жас жігітке қатысты "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша әкімшілік іс қозғалып, жинақталған материалдар сотқа жолданды. Қылмысы ашылғаннан кейін азамат істеген ісіне өкініп, жартастағы жазуларды өз қолымен өшіріп, бүлінген аумақты бастапқы қалпына келтіруге тырысқан.
Полиция департаменті тарихи және табиғи орындар халықтың ортақ мұрасы екенін ескертіп, мұндай нысандарға зиян келтіру заңмен жазаланатынын қатаң ескертеді. Мамандар азаматтарды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға және табиғат ескерткіштерін көздің қарашығындай сақтауға шақырады.