Танымал әзілкеш Нұрсұлтан Жақсыгеннің бұрынғы әйелі Фариза әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеме жасап, экс-жолдасын ешқашан кешірмейтінін айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Ол өзіне және ата-анасына қатысты ауыр сөздер айтылғанын жеткізді.
Фаризаның сөзінше, осы уақытқа дейін бұрынғы күйеуінің көптеген әрекетіне балаларын ойлап, үндемей келген. Алайда соңғы жағдайдан кейін оған кешірім жасау мүмкін емес екенін түсінген.
«Кешірім бер дейсіздер ме? Қасындағы достарына, таныстарына немесе менің жеке өзіме айтқанда, мен онсыз да кешіріп, үндемей келгенмін. Талай ескерттім де. Бірақ бүкіл халықтың алдында маған өте ауыр жала жауып, мені қаралап, әке-шешемді қорлағанын мен кешіре алмайды екенмін», – деп жазды ол.
Фариза кейбір адамдардың оған «кешір» немесе «кінә екі жақтан» деп ақыл айтып жатқанын да сынады. Оның айтуынша, екі жыл бойы болған жағдайлардың барлығын көпшілікке жария етпей, іште сақтап келген.
Ол бұрынғы күйеуінің өзіне қатысты түрлі сөздер айтып, тіпті ата-анасына да тіл тигізгенін мәлімдеді.
«Сіздер үшін міндетті түрде адам өлтіру керек пе? Міндетті түрде ауыр қылмыс болу керек пе? Осы екі жылдың өзінде қанша рет қиналып, жылағаным, стресс болып, қаншама ауру тапқаным, әке-шешемнің қиналып, уайымдап жүргенін көру маған оңай ма?» – деді Фариза.
Бұдан бөлек, ол Нұрсұлтан Жақсыгеннің балаларына қатысты да сөздер айтқанын алға тартты.
«Балаларынан бас тартып, тіпті “менің балам емес шығар” деген әкеден садақа кетсін! Менің қандай екенімді біле тұра жала жауып, өтірік ақпарат таратып, баланың анасы деп сыйламаған адамға қосылу туралы айтпаңыздар!» – деп жазды ол.
Фариза сондай-ақ өзінің бала-шағасын асырау үшін жасаған еңбегі де мазақ болғанын айтты. Оның сөзінше, бұрынғы күйеуі оның пижама сатып жүргенін келеке еткен.
«Өзі бір алиментті төлей алмай жүріп, менің бала-шағамды асыраймын деп істеген жұмысымды мазақ қылып, “пижама сатып жүр, өтпей жатыр-ау” деп күлкіге айналдырып жүрді», – деді ол.
Фариза бұған дейін отбасында болған жайттарды көпшілікке шығармағанын атап өтті. Оның айтуынша, тіпті ата-анасы да әлеуметтік желідегі жазбалардан кейін кейбір жағдайларды алғаш рет білген.
Соңында ол өзін «өз намысын қорғап жатқан қазақ қызы» деп атап, бұрынғы күйеуін ешқашан кешірмейтінін ашық айтты.
«Мен өз намысымды қорғап жатқан қазақ қызымын! Ол адамды ешқашан кешірмеймін! Алла жазасын берсін!» – деп жазды Фариза.