Жаңалықтар

Ерлі-зайыптылардың банктік құпиясы: Конституциялық сот маңызды мәселені қарауда

Ерлі-зайыптылардың банктік құпиясы: Конституциялық сот маңызды мәселені қарауда

Конституциялық сот ерлі-зайыптылардың банктік құпияға қол жеткізу мәселесін қарастырып жатыр. Бұған азаматшаның шағымы себеп болған. Сот «Банктер және банк қызметі туралы» заңның 50-бабының 4-тармағы Конституцияға сәйкес келе ме деген сұрақты тексермек, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Қолданыстағы нормаға сәйкес, банктік құпияға жататын мәліметтер тек шот иесіне немесе оның келісімімен үшінші тұлғаға ғана беріледі.

Алайда шағымданушының пікірінше, бұл ереже жұбайлардың біріне ортақ жинақтар туралы ақпарат алуға мүмкіндік бермейді және некеде жиналған мүлікті бөлісу құқығын жүзеге асыруға кедергі келтіреді.

Арызда көрсетілгендей, әйел ажырасқаннан кейін ортақ мүлікті бөлу үшін сотқа талап арыз дайындаған. Бірақ бұрынғы күйеуінің некеде жиналған қаржылық жинақтары туралы ақпаратты ала алмаған.

Осыған байланысты ол екінші деңгейлі банктерді бұл мәліметтерді беруге міндеттеуді талап етіп сотқа жүгінген. Алайда сот оның талабын қанағаттандырудан бас тартқан.

Қазір бұл мәселе Конституциялық сотта қаралып жатыр. Отырыста өтініш беруші мен оның заңгері, Парламент палаталарының өкілдері, Бас прокуратура, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Әділет министрлігі және басқа да ұйымдардың өкілдері қатысқан.

Барлық жаңалық