Мерзімді әскери қызмет барысында ауыр жарақат алған Ербаян Мұхтар үш жылға жуық уақыт бойы аса ауыр жағдайда ем қабылдады. Ол Қазақстан мен Түркияда емделгенімен, ауыр бас-ми жарақатының салдары қалпына келмеді, деп жазады ozgeris.info сайты.
Денсаулық сақтау министрлігі мен Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының мәліметіне сәйкес, дәрігерлер үш жылға жуық уақыт бойы оның өмірін сақтап қалу үшін бар күшін салған.
«Мұхтар Ербаян Хамитұлы 2023 жылдан бері мерзімді әскери қызметін атқару кезінде алған ауыр бас-ми жарақатының салдарынан өте ауыр жағдайда болды. Ұзақ уақыт бойы оның жағдайы тұрақты вегетативтік күйде сақталды. Қарқынды терапия, соның ішінде тыныс алуды аппарат арқылы қолдау шаралары жүргізілгеніне қарамастан, өмірлік маңызды көрсеткіштердің біртіндеп нашарлауы байқалды. Атап айтқанда, қандағы оттегі қанығуының төмендеуі, жүрек ырғағының бұзылуы және гемодинамиканың тұрақсыздығы тіркелді», – делінген хабарламада.
Ресми мәліметте науқастың жағдайы соңына дейін өте ауыр күйде қалғаны айтылған. Мамандар қажетті реанимациялық және емдік шаралардың толық көлемін жүргізген.
Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Ербаян Мұхтар ем алу үшін Түркияға жіберілген. Шетелдік мамандар да оған қойылған бастапқы диагнозды растаған.
«Биылғы маусым айында негізгі ауыр аурудың аясында инфекциялық асқынулар, сепсис және көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы дамыды. 2026 жылғы 23 маусымда сағат 21:40-та науқастың биологиялық өлімі тіркелді. Өлімнің тікелей себебі ауыр бас-ми жарақатының салдары мен оған қосылған асқынулардың нәтижесінде дамыған көп ағзалық жеткіліксіздік синдромы болды», – делінген хабарламада.
Ведомство мен медициналық ұйым өкілдерінің айтуынша, Ербаян Мұхтар заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген арнайы палатада жатқан.
«Оған заманауи дәрі-дәрмекпен емдеу жүргізіліп, ерекше күтім жағдайлары жасалды. Медициналық қызметкерлер барлық қажетті емдеу және күтім шараларын қамтамасыз етті. Сондай-ақ науқастың туыстарының палатаға кіруіне мүмкіндік беріліп, сапалы медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай қарастырылды», – деп хабарлады ведомство.