Жаңалықтар

Ер адам анасының мәйітін үш жыл бойы жасырып, зейнетақысын алып келген

Ер адам анасының мәйітін үш жыл бойы жасырып, зейнетақысын алып келген

Италияда адам шошырлық жағдай тіркелді. Елдің солтүстігіндегі Мантуя провинциясында 57 жастағы ер адам қайтыс болған анасының мәйітін үш жыл бойы жасырып, оның зейнетақысын алып келгені анықталды, деп хабарлайды Оzgeris.info сайты kznews.kz сайтына сілтемемен.

 

Оқиға Борго-Вирджилио атты шағын қалашықта болған. Тергеу мәліметіне сәйкес, әйел 2022 жылы көз жұмған. Алайда медициналық қызметкер болып жұмыс істейтін ұлы анасының қайтыс болғанын ресми түрде тіркемей, бұл фактіні әдейі жасырған. Ол ауылдық жерде жалғыз тұрғанын пайдаланып, марқұмның атына түсіп отырған зейнетақыны банк шотынан тұрақты түрде алып отырған.

 

Күдіктінің әрекеті анасының жеке куәлігінің мерзімі аяқталған кезде әшкере болған. Ер адам құжатты ұзарту үшін муниципалдық мекемеге әйел кейпінде барған. Ол анасының киімін киіп, парик тағып, бетіне бояу жаққан. Алайда мекеме қызметкерлері оның оғаш қылығын бірден байқап, полиция шақырған.

 

Тексеру барысында ер адамның үйінен қарт әйелдің мәйіті табылды. Ресми дерек бойынша, мәйіт қонақ бөлмеде болған, ал La Stampa басылымы дене жертөледе сақталғанын жазады. Тергеу нұсқасына сәйкес, медициналық білімі бар ұлы мәйітті ұзақ уақыт сақтау үшін арнайы әрекеттер жасаған болуы мүмкін.

 

Қазіргі уақытта өлімнің нақты себебі мен уақыты сот-медициналық сараптама арқылы анықталмақ. Жергілікті прокуратура күдіктіге мәйітті жасыру, жеке тұлғаны қолдан жасау, зейнетақы қорын алдау және жалған құжат рәсімдеу баптары бойынша айып тағып отыр.

 

Айта кетейік, Италияда мұндай жағдайлар бұрын да кездескен. 2024 жылдың маусымында Бриндизи қаласында бір ер адам анасының мәйітін мұздатқышта сақтап, ай сайын 1200 еуро көлемінде зейнетақы мен әлеуметтік төлем алып отырғаны үшін 1 жыл 8 айға сотталған. Ал сол жылдың тамызында Сардиния аралында да осыған ұқсас жағдай тіркеліп, карабинерлер қарт әйелдің мәйітін тапқан болатын.

Барлық жаңалық