✅ Пайдалы

Енді пойызда да қол жүгіне ақша төлеу керек

Қазақстанда пойызбен қатынайтын жолаушылар енді қол жүгінің артық салмағы үшін қосымша ақы төлеуге міндеттеледі. Жаңа талаптар әзірге арнайы жүк салғыш орындары бар пойыздарда ғана қолданылады. Жүктің салмағы мен көлемін өлшеу міндетін жолсеріктер атқарады, деп жазады Ozgeris.info.

«Қазақстан темір жолы» бекіткен талаптарға сәйкес, “Тальго” пойыздарында қол жүгінің салмағы 25 келіден, үш жақты көлемі (биіктігі, ұзындығы және ені) 150 сантиметрден аспауы тиіс. Ал өзге вагондарда бұл талаптар сәл жеңілдетілген: 35 келіге дейін және үш жақты көлемі 200 сантиметрден аспайтын жүк кіргізіледі. Сонымен қатар жүкті жолсерікке сеніп тапсырып жіберуге қатаң тыйым салынады.

Нормадан асқан әр келі үшін шамамен 60 теңге төленеді. Төлем мөлшері жүрілген жолдың ұзақтығына да байланысты өзгереді. Егер жолаушы мен жолсерік арасында дау туындаса, пойыз бастығы жүктің салмағын арнайы таразымен қайта тексереді.

Жолаушылар тасымалы АҚ-ның PR-менеджері Сара Сахынбектің айтуынша:

– Жүк нормадан асқан жағдайда ресми құжат рәсімделеді және төлем сол құжат негізінде қабылданады. Жүк міндетті түрде жолаушы отырған пойызбен жөнелтіледі. Бұл ереже әрбір жолаушының қауіпсіздігі мен вагон ішіндегі жайлылықты қамтамасыз ету үшін енгізіліп отыр, – деді ол.

Жауапты мамандардың түсіндіруінше, бұл жаңашылдықтың негізгі мақсаты – вагон ішінде тәртіп орнату және жолаушыларға қолайлылықты арттыру. Артық салмақтағы жүктердің қозғалысқа кедергі келтірмеуі, қауіпсіздік маңызды.

Қазір артық жүк үшін төлем тек бірнеше бағытта ғана енгізілген, себебі барлық пойызда арнайы жүк салғыш орындар қарастырылмаған. Сонымен қатар жүкті ресми рәсімдеместен жолсерікке беріп жіберген жолаушыларға әкімшілік жаза қолданылады, ал мұндай әрекетке барған теміржол қызметкері жұмыстан босатылады.

Барлық жаңалық