💰 Экономика

Енді бірден айыппұл салмайды

Келер жылдан бастап салық жүйесінде біраз «жұмсару» күтіліп отыр. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа салық режімдері қолданысқа енгізіледі, деп жазады Ozgeris.info.

 Ресми тілде айтқанда, олар бұрынғыдан «қарапайым, икемді әрі түсінікті» болмақ. Мұны Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов хабарлады.

Ең басты өзгеріс – шағын салық қарызы үшін кәсіпкерлердің есепшоттарын қақпақыл қылғандай автоматты түрде бұғаттау тоқтайды. Енді бизнес иелері алдымен ескерту алады, қателігін түзетуге уақыт беріледі. Айыппұл мен жаза салуға асықпай, біртіндеп хабарлап отыратын жүйе енгізілмек.

«Камералдық тексерулер ескерту сипатында болады. Қарызды өндіріп алу рәсімдері жеңілдейді. Шағын көлемдегі берешек үшін шоттар бұғатталмайды, оның орнына кезең-кезеңімен хабарландыру жүйесі қолданылады. Бұл кәсіпкерлерге уақытылы түзету енгізуге мүмкіндік береді», дейді Нұржанов.

Сонымен қатар шағын және орта бизнеске, тіпті өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режімдері де жаңармақ. Ресми уәде бойынша бюрократия азайып, кәсіпкерлер қағазбастылықтан гөрі ісіне көбірек көңіл бөле алады.


Барлық жаңалық