Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде 17 жыл бойы абыройлы қызмет атқарған Анара Шайкенова мекемедегі жағымсыз жұмыс атмосферасы мен қысымға байланысты өз еркімен жұмыстан кеткенін мәлімдеді. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Ozgeris.info
Даудың басы неден басталды
Анара Шайкенованың айтуынша, министрлікте кейінгі айларда бұрын-соңды болмаған деструктивті орта, сөз тасу мен ашық қысым қалыптасқан. Бұл — оның осы жыл ішіндегі екінші рет жұмыстан кетуі:
Ақпанда оған және оның әріптестеріне (Руслан Мухамадеев және т.б.) «жоғарыдан бұйрық түсті» деп, кенеттен жұмыстан босатылатыны ескертілген. Кейін министрмен жеке кездесуде министрлік басшылығының бұл босатудан бейхабар болғаны анықталып, сәуір айында А. Шайкенова қайтадан қызметіне оралған.
Оның сөзінше, жұмысқа қайта оралғанымен жағдай оңалмаған. Аппарат басшысы Н. Толеев тарапынан «ескі командаға» қысым қайта басталып, ал пресс-қызметтің жаңа басшысы Е. Байтанаев келгеннен кейін жұмыс процесі «саботаж жасады» деген айыптаулар мен жанжалдарға ұласқан.
«Өз еркіммен арыз жаздым»
17 жыл ішінде бірде-бір ескерту мен сөгіс алмағанын атап өткен бұрынғы қызметкер, министрліктегі жаңадан келген басшылықтың әрекеті кәсіби этикаға сай келмейтінін жеткізді.
«Тұрақты стресс, еңбекті елемеу, сөз тасу мен қысым жағдайында жұмыс істеу мүмкін болмай кетті. Сондықтан өз еркіммен арыз жаздым. Бұл — мен үшін кәсіби этика мен өзімді сыйлаудың мәселесі. Бір қызығы, мені жұмыстан шығарып жіберіп, кешке үшінші тұлғалар арқылы "қайта қалу туралы ойлансын" деген ұсыныс айтты. Адамдардың құқығын қорғайтын ведомство өз қызметкерлеріне мұндай қарым-қатынас жасамауы тиіс», - деп жазды А. Шайкенова.
Қазіргі таңда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұрынғы қызметкерінің бұл айыптауларына қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.