Жаңалықтар

«Ең кішісі – бір жаста»: Жетісайдағы өрттен қаза тапқандарға қатысты тың мәлімет жарияланды

«Ең кішісі – бір жаста»: Жетісайдағы өрттен қаза тапқандарға қатысты тың мәлімет жарияланды

Түркістан облысының Жетісай ауданына қарасты Алғабас ауылында алапат өрттен бір үйдің бес баласы қаза тапты, деп хабарлайды ozgeris.info.

Журналист Жансейіт Қабылтаев өрттен қаза тапқандарға қатысты тың мәліметті жариялады.

«Қазақстанның оңтүстігінде өрттен қаза тапқандардың ең кішісі 2024 жылы туған. Көз жұмған балалар 2009-2021 жылдары туған. Олардың бесеуі – бір отбасыдан (үшеуі – қыз бала, екеуі – ұл бала). Басқа отбасыдан 2018 жылғы қыз бала тірі қалды», – деп жазды Жансейіт Қабылтаев.

Одан бөлек, тірі қалған үш адам ауруханада жансақтау бөлімінде жатыр. 

Бала құқықтары жөніндегі уәгіл Динара Зәкиева үйдің төбесі опырылып түскенін айтты. 

«Түркістан облысы Жетісай ауданы Алғабас ауылында 9 бала өрттен мерт болды. Үйде балалы-шағалы екі отбасы түнеген. Үйдің шатыры опырылып түскен. Аймақтағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен психологтер оқиға орнына аттанды», - деп жазған Динара Зәкиева.

Төтенше жағдайлап министрлігі алапат өрт бүгін таңертең болғанын хабарлаған.

«Бүгін таңертең Түркістан облысы ТЖД «101» пультіне Жетісай ауданының Алғабас ауылында орналасқан екі қабатты жеке тұрғын үйдің өртенгені туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімі келген кезде тұрғын үйдің толықтай өртке оранғаны анықталды. Өртті барлау және сөндіру барысында үйдің ішінен ес-түссіз күйдегі үш адам эвакуацияланып, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды. Үйдің ішінен тоғыз баланы қоса алғанда, барлығы 12 адамның денесі табылды», - деп хабарлайды ТЖМ.

Құтқарушылардың сөзіне сенсек, көршілер үй иелерінің отбасында іс-шара болғанын және үйде қонақ көп болғанын айтқан көрінеді.

Өрттің аумағы 360 шаршы метр болған.

 

Барлық жаңалық