Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі инвестициялық орталық мәртебесін сақтап отыр, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
UNCTAD-тың World Investment Report 2025 есебіне сәйкес, 2024 жылдың соңында Орталық Азиядағы жинақталған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 220,5 млрд долларды құраған.
Оның ішінде Қазақстанның үлесіне 151,3 млрд доллар немесе өңірдегі барлық инвестицияның 68,6%-ы тиесілі болды.
Салыстырмалы түрде Түрікменстанда бұл көрсеткіш – 44,6 млрд доллар, Өзбекстанда – 16,7 млрд доллар. Ал Қырғызстан мен Тәжікстанның әрқайсысында шамамен 4 млрд доллар көлемінде инвестиция жинақталған.
Сарапшылар мұны Қазақстанның макроэкономикалық тұрақтылығымен, дамыған қаржы инфрақұрылымымен, Еуропа мен Азияны жалғайтын тиімді географиялық орналасуымен және инвесторларға қолайлы бизнес ортасымен байланыстырады.
Сонымен қатар халықаралық компаниялар үшін Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі әрі дамыған инвестициялық алаң болып қала береді.