✅ Пайдалы

Елімізде WhatsApp пен Telegram-ға тыйым салына ма?

Жуырда қоғамда «мемлекеттік қызметкерлерге WhatsApp пен Telegram секілді шетелдік мессенджерлерді пайдалануға тыйым салынады екен» деген әңгіме тараған еді. Бірақ Цифрлық даму министрлігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ведомствоның ресми мәлімдемесінде мемлекеттік қызметкерлерге WhatsApp, Telegram және басқа да мессенджерлерді жеке мақсатта қолдануға ешқандай шектеу қойылмайтыны айтылды, деп жазады Ozgeris.info.

Министрлік тек қызметтік хат алмасу үшін арнайы Aitu мессенджерін қолдану міндетті болатынын түсіндірді. Бұл бастама орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор ұйымдарына қатысты. Яғни, ресми жұмыс барысындағы құжат алмасу, чаттар мен жедел хабарламалар тек Aitu арқылы жүргізіледі.

«Мақсат – мемлекеттік органдардың ақпараттық қауіпсіздігін күшейту, құпия мәліметтердің сыртқа кетуін болдырмау. Aitu-дың басты артықшылығы – барлық серверлері Қазақстан аумағында орналасқан. Бұл деректерді қорғау талаптарына толық сәйкес келеді және мемлекеттік органдар үшін сенімдірек», делінген министрліктің хабарламасында.

Айта кету керек, 12 тамызда үкімет мемлекеттік органдар толықтай Aitu-ға көшетінін ресми түрде жариялаған болатын. Бұл қосымшаны қазақстандық Kazdream Technologies IT-холдингі әзірлеген. Компания BTS Digital цифрлық экожүйесінің құрамына кіреді.

Яғни, қарапайым тілмен айтқанда, мемлекеттік қызметкерлер күнделікті жеке хат-хабарын бұрынғыша WhatsApp, Telegram арқылы жаза береді. Тек қызметтік жұмыстарға келгенде, арнайы Aitu мессенджері қолданылады.

Барлық жаңалық