Биыл қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Осы дата аясында Ұлттық статистика бюросы елдегі «Абай» есімді адамдар туралы деректерді жариялады, деп жазады Ozgeris.info.
Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда Абай есімді 18 763 адам бар. Ең көп Абай есімді тұрғындар Астана қаласында тұрады. 2089 адам. Одан кейін Түркістан облысында 2018, Алматы қаласында 1719 адам бар.
Ең егде Абай 1932 жылы дүниеге келген. Ал 30-34 жас аралығындағы азаматтар арасында бұл есім кең таралған. 3228 адам. Демек 1990-жылдардың соңында да Абай есімі ата-аналар арасында танымал болған.
2025 жылдың алғашқы жартысында дүниеге келген 157 сәбиге де Абай есімі берілген.
Таң қаларлығы, бұл есім кей қыз балаларға да қойылған елде Абай есімді 10 әйел тіркелген. Сондай-ақ Абайдың шын аты – Ибраһим екенін білетіндер де аз емес. Ел бойынша 35 404 адамға Ибраһим, Ибрагим немесе Ибрахим есімі берілген.