Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды қоса есептегенде, кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 32,5%-ға артып, 3,2 млн-ға жетті. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді,деп хабарлайды Ozgeris.info.
Оның айтуынша, жалпыға бірдей белгіленген салық режимінде жұмыс істейтін, қосылған құн салығын (ҚҚС) төлейтін кәсіпкерлердің саны 28%-ға өскен. Сонымен қатар көлеңкелі экономикадан шығуға мүмкіндік беретін жағдайлар жасалып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режимде 981 мың адам тіркелген. Олардың 807 мыңы алғаш рет салық есебіне тұрған.
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 277 мың жаңа кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде 34,7 мыңы – заңды тұлға, 242,3 мыңы – жеке кәсіпкер. Ал осы кезеңде 19,7 мың заңды тұлға мен 356 мың жеке кәсіпкер есептен шығарылған.
Серік Жұманғарин жеке кәсіпкерлікті тіркеуді тоқтату әрдайым қызметтің толық тоқтағанын білдірмейтінін атап өтті. Мәселен, есептен шығарылған жеке кәсіпкерлердің 42,6%-ы 2025 жылы табыс таппаған. Ал 20,8%-ы қызметін жалғастыра отырып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режимге көшкен.