Мәдениет министрі Аида Балаева елімізде адамдарды рұқсатсыз пранкке түсіруге тыйым салуды енгізу ұсынылып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды ozgeris.info.
Министр мәселе пранктер мен жасырын түсірілімдерге қатысты екенін түсіндірді. Айтуынша, азаматтар осыған жиі шағымданып жүр. Қазір арнайы жұмыс тобы құрылып, кімді, қашан және қандай жағдайда түсіруге болатынын анықтауы керек.
Журналистер "мұндай дауларды соттар да шеше алады" дегенде, Балаева халықтан әлі де көп шағым түсіп жатқанын айтты.
“Біз ештеңені толықтай тыйғымыз келмейді. Біз тек адамдарды рұқсатсыз, әр жерде түсіретін жағдайларды шектеуді қалаймыз. Мемлекеттік қызметкерлерді, өз міндеттерін атқаратын лауазымды тұлғаларды түсіру қалыпты, бұған бәріміз үйрендік. Ал кейбір пранк видеолар немесе рұқсатсыз жасалатын жеке түсірілімдер бар. Сондықтан осы ережені біз міндетті түрде талқылаймыз. Себебі жұмыс тобы енді құрылып жатыр. Егер қаласаңыздар, мен бәріңізді осы жұмыс тобына қосып, түсірудің шекараларын: кімді түсіруге болады, кімді болмайды, қалай түсіру керектігін бірге анықтай аламыз", – деді министр Аида Балаева.
Министдің айтуынша, егер адам кадрға түссе, әр жеке тұлғадан түсіруге рұқсат сұрау қажет болады. Оның келісімінсіз фото немесе видео түсіру және жариялау мүмкін болмайды. Журналистер бұл норманы шенеуніктерді қорғау үшін қабылдамақ деп сынады.
"Мемлекеттік қызметкерлерге қатысты мәселе бізге таныс. Біздің жеке өміріміз жоқ сияқты, қайда барсақ та бізді түсіреді. Бірақ біз де осы елдің азаматтарымыз. Сондықтан мәселе тек қызметкерлерде емес, жалпы түсіруді реттеу туралы болып отыр. Сол себепті бұл тақырыпты талқылаймыз. Біз жұмыс тобын құрдық және журналистерден де, қарапайым азаматтардан да келіп түскен сұрақтарды бірге қарастырамыз", – деді Аида Балаева.