Микроқаржы секторының ірі өкілі KMF тамыз айынан бастап банк ретінде қызмет көрсете бастайды. Бұл биылғы наурызда алған лицензиядан кейінгі маңызды қадам. Осыған байланысты 30 шілде мен 3 тамыз аралығында компания техникалық жұмыстар жүргізіп, қаржы операцияларын уақытша тоқтатып отыр. Бұл күндері несие жабу, беру, қайта рәсімдеу және құжаттар алу мүмкін болмайды, деп жазады Ozgeris.info.
Қаржы ұйымы клиенттеріне жоспарланған төлемдерді 4-8 тамыз аралығында еш өсімпұлсыз жасауға болатынын ескертті.
– Бұл өзгерістер жаңа банк қызметтерін тезірек ұсыну үшін қажет болып отыр, – деп түсіндірді компания өкілдері.
KMF-тің нарықтағы үлесі айтарлықтай. Ұлттық банк мәліметінше, 213 микроқаржы ұйымының ішінде KMF актив көлемі бойынша көш бастап тұр 347,6 млрд теңге. Кредит портфелі 228,6 млрд теңге, таза пайдасы 2,4 млрд теңге.
Қаржы реттеушісі бұған дейін микроқаржы ұйымдарына банкке айналу мүмкіндігін ұсынып, нарықтағы бәсекелестікті күшейтуге жол ашқан.
– Мұндай шешім банктік қызметтердің қолжетімділігін арттырып, қаржы секторының сапалы жаңаруына ықпал етеді. Осы бағытта бірінші болып BNK Finance Kazakhstan лицензия алып, BNK Commercial Bank болып құрылды, – деген болатын Ұлттық банк.
KMF-тің енді банкке айналуы саланың жаңа дәуірге аяқ басуы. Компания 1997 жылдан бері жұмыс істеп келеді, бүгінде 17 филиалы мен 122 бөлімшесі бар. Негізгі бағыты жеке тұлғалар мен шағын-орта кәсіп иелеріне несие беру, соның ішінде ауыл шаруашылығын қолдау.