Қазақстан 2028 жылға қарай негізгі азық-түлік өнімдерін сырттан әкелмей-ақ, өз ішкі өндірісімен толық қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Үкімет хабарлады, деп жазады Ozgeris.info.
18 тамызда Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин ауыл шаруашылығы саласындағы жағдайды талқылаған жиын өткізді. Онда азық-түлік қауіпсіздігі басты тақырып болды.
Кейінгі жылдары ауыл шаруашылығы тұрақты өсіп келеді. 2021–2024 жылдары жалпы өнім 11%-ға көбейіп, 8,3 триллион теңгеге жеткен. Соның ішінде егін шаруашылығы көбірек өсіп отыр, нақты айтқанда 14%-ға өскен. Ал мал шаруашылығы болса шамамен 6%-ға артқан.
Биыл да оң өзгерістер бар. Егіс көлемі 23,6 миллион гектарға дейін ұлғайған. Картоп пен майлы дақыл көбірек егілсе, дәнді-бұршақ біраз қысқарған.
Мал басы да өсуде: қазір елімізде 9 миллионға жуық ірі қара, 22 миллионға жуық қой-ешкі, 4 миллионнан аса жылқы бар. Құс саны 53 миллионға жеткен.