Жаңалықтар

Елена Рыбакина WTA рейтингінде көш бастады

Елена Рыбакина WTA рейтингінде көш бастады

Қазақстанның бірінші ракеткасы Штутгартта өткен WTA 500 турнирінің финалында әлемнің 12-ракеткасы, чехиялық Каролина Мухованы 7:5, 6:1 есебімен сенімді түрде ұтып, маусымдағы кезекті титулын иеленді, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты. 

Бұл жеңіс оған 500 рейтингтік ұпай әкелді.

Нәтижесінде Рыбакина WTA чемпиондық жарысының (Race) жаңартылған live-рейтингінде 3983 ұпаймен бірінші орынға көтеріліп, белоруссиялық Арина Соболенконы артта қалдырды. Соболенконың еншісінде — 3800 ұпай. Үшінші орында америкалық Джессика Пегула (2905 ұпай) тұр.

Айта кетейік, WTA чемпиондық жарысы – жыл бойғы нәтижелерді қорытындылайтын көрсеткіш. Маусым соңында үздік сегіз теннисші қорытынды додада сынға түседі. Рыбакина – осы жарыстың қазіргі жеңімпазы.

Сондай-ақ алғашқы ондықта да өзгерістер бар: Мирра Андреева бір саты жоғарылап, алтыншы орынға көтерілсе, Виктория Мбоко жетінші орынға сырғыды. Ал қазақстандық Юлия Путинцева үш орынға төмендеп, 39-орынға тұрақтады.

Барлық жаңалық