Қазақстан халықаралық инвестициялық ортадағы беделін нығайтып келеді. Бұл туралы әлемдік Investing.com аналитикалық платформасында жарияланған «Trust Becomes the New Capital as Kazakhstan Climbs 17 Places in Global Investor Risk Rankings» атты мақалада айтылды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Сарапшылардың пікірінше, қазіргі таңда инвестиция тартуда табиғи ресурстар немесе салықтық жеңілдіктерден гөрі мемлекеттік институттардың сапасы, экономикалық саясаттың тұрақтылығы мен елдегі ұзақмерзімді болжамдылық шешуші рөл атқарады. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан жаңа экономикалық жағдайда бәсекеге қабілетті мемлекеттердің қатарына қосылған.
Мақала авторларының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жартысында Қазақстандағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 9,6 пайызға өсіп, 20 миллиард доллардан асты. Ал жеке инвестициялар бір жыл ішінде 21 пайыздан астам артқан.
Сонымен қатар Қазақстан Safest Countries for Investors 2026 халықаралық рейтингінде бірден 17 сатыға көтеріліп, 70-орыннан 53-орынға шықты. Осылайша еліміз Орталық Азиядағы инвесторлар үшін ең сенімді мемлекет атанды.
Халықаралық қаржы ұйымдары да Қазақстан экономикасының даму перспективаларын жоғары бағалап отыр. Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) 2026 жылы ел экономикасы 4,6 пайызға өседі деп болжаса, Дүниежүзілік банк тұрақты өсімнің алдағы жылдары да сақталатынын атап өткен.
Investing.com мақаласында Қазақстан экономикасының құрылымы да өзгеріп келе жатқаны айтылған. Егер бұрын экономикалық өсімнің негізгі драйвері шикізат саласы болса, қазір өңдеуші өнеркәсіп, құрылыс, көлік, логистика және сауда сияқты жоғары қосылған құн қалыптастыратын секторлардың үлесі артып келеді.
2025 жылдың қорытындысында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 6,5 пайызға өссе, 2026 жылдың қаңтар–маусым айларында экономика тағы 4,1 пайызға ұлғайған. Бұл кезеңде құрылыс саласы 15 пайыздан астам өсім көрсеткен. Сондай-ақ көлік, логистика және өнеркәсіп өндірісі де жоғары қарқын сақтап отыр.
Басылымның мәліметінше, бүгінде инвестициялардың басым бөлігі өңдеуші өнеркәсіпке, құрылысқа, көлік инфрақұрылымына, ауыл шаруашылығына, ақпарат және байланыс саласына бағытталуда. Сарапшылардың пікірінше, экономиканы әртараптандыру Қазақстанның тұрақты дамуы мен инвестициялық тартымдылығын арттыратын негізгі факторлардың бірі болып саналады.