Жаңалықтар

Екі адам жансақтауда: Шымкентте дүкенге соғылған көлік өртеніп кетті

Екі адам жансақтауда: Шымкентте дүкенге соғылған көлік өртеніп кетті

Шымкентте түнгі уақытта жеңіл көлік жол жиегіндегі дүкен ғимаратына соғылып, кейін өртеніп кетті. Апат салдарынан екі адам ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне жеткізілді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты. 

Оқиға 11 маусымға қараған түні "Оңтүстік" шағын ауданында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, көлікті 21 жастағы жігіт басқарған. Оның жанындағы бойжеткенмен бірге екеуі де ауруханаға жатқызылған.

ТЖД қызметкерлері оқиға орнына жеткенде зардап шеккендерді жедел жәрдем қызметіне тапсырып, өртенген көлікті сөндірген. Мамандардың айтуынша, жанар-жағармай мен пластик бөлшектердің көптігінен от жылдам таралған.

Зардап шеккендер қалалық №1 клиникалық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді. Дәрігерлер олардың жағдайын ауыр деп бағалап отыр.

Полиция қылмыстық іс қозғады. Алдын ала нұсқа бойынша, жүргізуші көлікті басқара алмай қалып, дүкен ғимаратына соғылған. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Барлық жаңалық