Қоғам

Екеуі өтіп кетті, үшіншісі үлгермеді: Астанада самокатшыны автобус қағып кетті

  Екеуі өтіп кетті, үшіншісі үлгермеді: Астанада самокатшыны автобус қағып кетті

Астанада қоғамдық көлік жолағымен ереже бұзып, қарсы бағытта жүйткіген самокатшылардың қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Жолаушылар мен куәгерлердің айтуынша, автобус аялдамаға тоқтауға ыңғайланған сәтте оған қарсы бағытта, дәл сол жолақпен электрлі самокат мінген үш жасөспірім жүйткіп келген.

Жылдамдықты баяулатпастан, олар автобус пен жол жиегіндегі бордюрдің арасынан өтіп кетпек болған. Екі жасөспірім өтіп үлгергенімен, үшіншісі автобустың астына түскен.

Соқтығыс салдарынан самокат автобус дөңгелегінің астында қалып, қоғамдық көліктің алдыңғы әйнегі шағылған.

 «13 тамызда «Yutong» маркалы бағдарлық автобустың жүргізушісі Түркістан көшесімен келе жатып, аялдама кешеніне кіре берісте қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақпен қарсы бағытта самокатпен келе жатқан жасөспірімді қағып кетті», -  деп хабарлады полиция өкілдері.

Жол апаты салдарынан жасөспірім медициналық мекемеге жеткізілді. Дәрігерлер тексеруінен кейін ол амбулаторлық емделуге үйіне жіберілді.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша полиция тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

 

Барлық жаңалық