💰 Экономика

ЕАЭО елдері ортақ энергетикалық нарыққа дайын ба?

ЕАЭО елдері ортақ энергетикалық нарыққа дайын ба?

Астанада өтіп жатқан Еуразиялық экономикалық форумда Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің болашақ энергетикалық нарығы қызу талқыланды, деп жазады Ozgeris.info.

Форум аясындағы «Еуразиялық энергетикалық интеграция. Қозғалыс векторы» атты панельдік сессияда Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов ортақ энергетикалық кеңістік құрудың мүмкіндігі мен тәуекелі туралы айтты.

Бүгінде Еуразиялық экономикалық одақ елдері үшін мұнай, газ және электр энергиясын тұрақты жеткізу мәселесі бұрынғыдан да маңызды болып отыр. Сарапшылардың пікірінше, әлемдегі геосаяси тұрақсыздық, энергия бағасының құбылуы және технологиялық өзгерістер өңір елдерін жаңа шешім іздеуге итермелеуде. Соның бірі – ортақ энергетикалық нарық қалыптастыру.

Министрдің айтуынша, мұндай интеграция тек экономикалық пайда үшін емес, энергетикалық қауіпсіздікті сақтау үшін де қажет. Алайда бұл бағыттағы қадамдар асығыстықпен емес, мемлекеттердің ұлттық мүддесін ескере отырып жасалуы тиіс.

«Біз шынайы тұрақты, реалистік әрі өзара тиімді тетіктер қалыптастырылған жағдайда еуразиялық энергетикалық интеграцияның кең мүмкіндіктерін көріп отырмыз. Дәл осындай прагматикалық әрі жан-жақты есептелген бірлескен жұмыс Одағымыздың ұзақ мерзімді іргетасын қалыптастырып, ортақ нарықтық үдерістерді жасанды немесе формалды жеделдетуге байланысты тәуекелдерден қорғайды», деді Ерлан Ақкенженов.


Қазірдің өзінде Қазақстан көрші елдермен энергетика саласында тығыз жұмыс істеп келеді. Ресеймен мұнай-газ және электр энергетикасы бағытында бірлескен жобалар жүзеге асса, Қырғызстанмен су-энергетикалық тепе-теңдікті сақтау бойынша тұрақты үйлестіру қалыптасқан. Ал Беларусь пен Армениямен инфрақұрылымды жаңғырту бағытында тәжірибе алмасу жүріп жатыр.

Форумда тағы бір маңызды мәселе көтерілді – энергетика саласына жасанды интеллектіні енгізу. Қазақстан қазір электр жүктемесін болжау, энергия тұтынуды талдау және жүйелік қауіпсіздікті бақылау бағыттарында жаңа цифрлық технологияларды қолдана бастады.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, болашақта жасанды интеллект электр желілеріндегі артық жүктемені алдын ала болжауға, энергия тапшылығының қаупін азайтуға және бүкіл жүйені тиімді басқаруға көмектеседі.

Сарапшылар қазіргі таңда энергетикалық қауіпсіздік тек мұнай мен газ қорына ғана емес, цифрлық технологияға, дерек сапасына және мемлекеттердің өзара сеніміне де тәуелді екенін айтады.

Барлық жаңалық