«МузАРТ» тобының әншісі Кенжебек Жанәбілов денсаулығына байланысты ауруханаға түскенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Өнер иесі бұл туралы Instagram парақшасында жазып, жүрек қан тамырларының бітелуіне байланысты жансақтау бөліміне түскенін айтты. Оның сөзінше, дәрігерлердің жедел көмегінің арқасында жағдайы тұрақтанып, кейін палатаға ауыстырылған.
«Бүгін Шымкентке ән кешіне баруым керек еді. Жүрек қан тамырларының бітеліп, @erensau.kz ұжымының көмегімен жансақтау бөлімінен палатаға ауыстым. @almat.yegizekov досым басқарған ұжымға мың алғыс! Дұғада болайық», – деп жазды әнші.
Кенжебек Жанәбілов өзіне дер кезінде медициналық көмек көрсеткен дәрігерлерге ризашылығын білдіріп, оқырмандарынан дұғада болуды өтінді.
Қазіргі уақытта әншінің денсаулық жағдайына қатысты қосымша ақпарат жарияланған жоқ.