Қоғам

Дубайдағы фото дауынан кейін кадрлық өзгеріс болды

Дубайдағы фото дауынан кейін кадрлық өзгеріс болды

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Айнұр Серғазиева қызметінен босатылды. Оның орнына Ұлан Бекіш тағайындалды. Бұл туралы ozgeris.info сайты хабарлады.

Серғазиева 2022 жылы осы лауазымға тағайындалған кезде әлеуметтік желілерде қызу талқыланған болатын. Себебі оның жеке парақшасында шетелдегі сапарларынан түсірілген көптеген суреттер жарияланған. Ол Тайланд, Франция, БАӘ, Грузия, Әзербайжан, Украина, Түркия, Ресей және Эстония елдерінде болғанын көрсеткен.

Желі қолданушылары әсіресе брендтік аксессуарлармен түскен фотоларына назар аударған. Атап айтқанда, Louis Vuitton, Victoria’s Secret сияқты брендтердің сөмкелері мен Tiffany & Co зергерлік бұйымдарымен түскен суреттері қоғамда пікірталас тудырған.

Соның ішінде БАӘ-нің Рас-әл-Хайма қаласында түсірілген, Louis Vuitton пакеттері мен шамамен 1,8 млн теңге тұратын сөмкемен жарияланған фотосы кеңінен талқыланған.

Бұдан бөлек, Серғазиеваның Дубайда түсірілген «ақша шашып, күліп жүретін көңіл-күйдемін» деген жазбасы да әлеуметтік желіде дау туғызып, кейін ол постты өшіруге мәжбүр болған.

Сондай-ақ 2022 жылы саясаттанушы Ербол Еділов жариялаған хатта «Ұлттық ақпараттық технологиялар» қызметкерлері Серғазиеваның кәсіби тәжірибесі атқаратын қызметіне сай келмейтінін айтып, оған қызметкерлерге психологиялық қысым көрсетті деген айып таққан.

Барлық жаңалық