Дубай қаласында өткен V жасөспірімдер арасындағы Азия пара ойындарында Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсетіп, жалпы саны 68 медальға қол жеткізді деп хабарлайды Оzgeris.info. Оның ішінде 25 алтын, 23 күміс және 20 қола жүлде бар. Осы нәтижемен ұлттық құрама 45 ел қатысқан жарыста жалпыкомандалық есепте 5-орынға тұрақтады.
Аталған додада еліміздің намысын 60 спортшы қорғап, 9 спорт түрінен сынға түсті. Қазақстандықтар ең көп жүлдені пара жүзу сайысында иеленіп, бұл спорттан 34 медаль қоржынға салынды.
Сонымен қатар, пара армрестлингтен – 11 медаль, пара үстел теннисінен – 7, пара жеңіл атлетикадан – 6, пара пауэрлифтингтен – 6 жүлде еншіленді.
Бұдан бөлек, ұлттық құрама голболдан алтын медаль жеңіп алса, боччадан күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал пара таэквондодан қазақстандық спортшылар бір күміс және бір қола медаль иеленді.