Қоғам

Дрондар шабуылынан соң Орынбор әуежайлары жабылды: Қазақстандықтар газсыз қала ма

Дрондар шабуылынан соң Орынбор әуежайлары жабылды: Қазақстандықтар газсыз қала ма

Сәрсенбіге қараған түні Украина дрондары Орынбор облысындағы газ өңдеу зауытына тұтқиылдан соққы берді. "Азаттық" басылымының мәліметіне сүйенсек өнеркәсіп орнының үстінен бірнеше ұшқышсыз аппарат атып түсірілген, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Аймақ басшысы Евгений Солнцев оқиға орнында шұғыл құтқару қызметтері жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді. Әзірге бұдан өзге нақты деректер жарияланған жоқ. Қауіпсіздік мақсатында Орынбор, Орск және Ясный қалаларындағы әуежайлар ұшақтарды қабылдау мен жөнелтуге уақытша шектеу қойды.

Бұл төтенше жағдайға қатысты Қазақстанның Энергетика министрлігі арнайы түсініктеме берді. Ведомствоның ресми өкілі әрі министрдің кеңесшісі Әсел Серікпаева көрші елдегі оқиға отандық тұтынушыларды тауарлық газбен қамту ісіне еш кері әсерін тигізбегенін нақтылады.

Қазіргі уақытта жауапты диспетчерлік мамандар логистика бағытын жедел түрде өзгерткен. Көгілдір отын көлемі баламалы жолдар арқылы тасымалданып жатыр. Қажетті отын қоры басқа көздерден үзіліссіз алынуда.

Еліміздің бүкіл газ инфрақұрылымы қалыпты режимде мүлтіксіз қызмет етуде. Ішкі нарық энергия ресурстарымен толық қамтамасыз етілген. Аталған мәселе министрлік пен ұлттық оператордың қатаң бақылауына алынды.

Барлық жаңалық