“Дос-Мұқасан” ансамблінің марқұм солисі Бақытжан Жұмаділовтің ұлы әкесінің есімін ел жадында қалдыруға ниетті. Ол Алматыдағы көшелердің біріне өнер иесінің атын беруді сұрап, қазақстандықтарға үндеу жасады. Бұл туралы ozgeris.info сайты Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Өзін Бақытжан Жұмаділовтің ұлы деп таныстырған азамат Threads әлеуметтік желісінде жазба жариялап, көпшіліктен бастамасын қолдауды өтінді. Оның айтуынша, ол бірнеше жылдан бері әкесінің есімін ұлықтауға талпынып келеді. Алайда әр жолы уақыттың, қаражаттың немесе қолдаудың жетіспеуі бұл істі соңына дейін жеткізуге мүмкіндік бермеген.
“Алты қол алысу теориясы бар. Оған сәйкес, жер бетіндегі кез келген екі адамды орта есеппен бес деңгейлі байланыс тізбегі жалғайды. Менің мақсатым – Алматыдағы көшелердің біріне әкемнің есімін беру. Бақытжан Жұмаділов қазақ мәдениетін әлемдік сахнада танытуға өмірін арнады. Оның есімінің қала картасында пайда болуы – болашақ ұрпақ үшін осы еңбектің әділ бағалануы болар еді”, – деп жазды ол.
Жазба соңында ол қазақстандықтардан үндеуді таратуға көмектесуді сұрады. Егер таныстарының арасында Алматы әкімдігінде жұмыс істейтіндер немесе қала басшылығына ұсыныс жеткізе алатын адамдар болса, тиісті бөлімдердің байланыс нөмірін беруді немесе жазбаны бөлісуді өтінді.
Пікір қалдырған желі қолданушылары автордың бастамасын қолдап, түрлі кеңес айта бастаған. Олардың бірі көшеге Бақытжан Жұмаділовтің есімін беру үшін қандай қадамдар жасалуы мүмкін екенін түсіндірген.
Оның сөзінше, адамның қайтыс болғанына кемінде бес жыл өтуі керек. Содан кейін қажетті құжаттарды жинап, әкімдікке есімді тарихи тұлғалар тізіміне енгізу туралы өтініш жолдау қажет. Әрі қарай мемлекеттік орган нақты тәртібін түсіндіреді.
Сондай-ақ ол Алматы қаласы бірнеше ауданға бөлінетінін, әр ауданның өз әкімдігі барын еске салды. Егер нақты көше таңдалса, өтінішті сол ауданның әкімдігіне жолдаған жөн. Бұдан бөлек, өтінішті eOtinish платформасы арқылы беруге болатынын айтты.