💰 Экономика

Дженнифер Лопестің концерті қандай пайда әкелді?

Астанада өткен Дженнифер Лопестің концертіне 12 мың шетелдік турист келген. Бұл туралы қаланың инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Әкімжанов Kazakhstan Travel Forum-да айтты, деп хабарлайды Ozgeris.info

Биыл жылдың алғашқы жартысында елордаға 735 мың турист келген, оның 177 мыңы шетелдіктер.

«Былтырмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 13 пайызға жоғары. Қазір Астанада түрлі халықаралық іс-шаралар мен үлкен концерттер өтіп жатыр. Мысалы, Дженнифер Лопестің концертіне 12 мың, ал Backstreet Boys тобының концертіне 15 мың шетелдік келді», деді Әкімжанов.

Концерттен бюджетке де айтарлықтай табыс түскен. Басқарма басшысының айтуынша, Дженнифер Лопестің шоуын ұйымдастырушылардан тікелей салық түрінде 600-800 миллион теңге түскен.

«Қонақүйлер мен мейрамханалардан түскен кіріс жыл соңында есептеледі. Алдын ала есеп бойынша, концерт Астана экономикасына 4 миллиард теңгеден астам пайда әкелді. Backstreet Boys концерті бойынша есептеу жалғасып жатыр», деді ол.

Халел Әкімжановтың айтуынша, жыл сайын елордаға келетін туристер саны 13-15 пайызға өсіп келеді.

Айта кетейік, Дженнифер Лопес Алматыда да концерт өткізді. Орталық стадионда өткен шоуға 27 мың адам қатысқан, оның шамамен 7 мыңы 35 елден келген. Алматы әкімдігінің мәліметінше, концерттен түскен кіріс 10 миллиард теңгеден асып, бюджетке шамамен 600 миллион теңге салық түскен.

Барлық жаңалық