Америкалық поп-жұлдыз Дженнифер Лопес Астанаға ұшып келді, деп жазады Ozgeris.info.
Әлемдік туры аясында ұйымдастырылып жатқан жеке концерті 1 тамызда Astana Arena стадионында өтеді. Әншінің Қазақстанға келуі туралы видеолар әлеуметтік желілерде қызу таралып жатыр. J.Lo-ны әуежайдың бизнес-терминалынан күтіп алып, командасымен бірге қонақүйге шығарып салған.
Бұл концерт – J.Lo On The Floor турының бір бөлігі. Қызығы, Астанадағы концертке арналған билеттер сатылымға шыққаннан кейін небәрі 3 сағат 51 минут ішінде түгел сатылып кетті.
Астана шоуынан кейін Джей Ло Алматы жұртшылығымен де қауышпақ, 10 тамызда Орталық стадионда тағы бір концерт қояды. Қазақстандағы осы екі кешіне 29 елден 18 мыңнан аса турист келуі мүмкін деген болжам бар.