«Ливерпульдің» экс-қорғаушысы Джейми Каррагер журналист Пирс Морганның Криштиану Роналду туралы 2008 жылы жазған сыни мақаласын жариялап, оның қазіргі ұстанымына назар аударды, деп хабарлайды Ozgeris.info
Әлеуметтік желілерде тараған жазбаға сәйкес, Каррагер бұдан 18 жыл бұрын жарық көрген мақаланың суретін бөліскен. Онда Морган португалиялық футболшыны қатты сынап, оның мінез-құлқына қатысты өткір пікір білдірген.
2008 жылы жарияланған материалда журналист Роналдуды «тым ерке», «тентек» деп сипаттап, жанкүйерлердің оны не үшін қолдайтынына күмән келтірген. Сондай-ақ Морган футболшыны алаңда жиі симуляция жасап, өзін өзгелерден жоғары қояды және артық шағымданады деп айыптаған.
Алайда арада жылдар өткен соң Пирс Морган Криштиану Роналдудың жақтастарының біріне айналды. Журналист португалиялық жұлдызбен бірнеше рет сұхбаттасып, оның мансабы мен футболға деген көзқарасы туралы пікірлерін жариялады. Әсіресе, Роналдудың «Манчестер Юнайтедтен» кетуі қарсаңында берген сұхбаты үлкен резонанс тудырды.
Каррагер осы ескі мақаланы еске салу арқылы Морганның бұрынғы және қазіргі көзқарастары арасындағы айырмашылықты көрсеткендей болды. Бұған жауап ретінде ол журналисті «екіжүзді» деп сынады.
Футбол сарапшылары мен жанкүйерлер арасында Роналдудың алаңдағы мінез-құлқы, оның футбол тарихындағы орны және оған деген көзқарас мәселесі ұзақ уақыттан бері талқыланып келеді. Ал Каррагердің бұл әрекеті Морганның бұрынғы пікірлерін қайтадан күн тәртібіне шығарды.