Жаңалықтар

Депозиттерде қанша теңге жатыр?

Сәуір айында қазақстандықтар теңгеге қайта орала бастады – елдегі теңгемен ашылған депозиттер көлемі бір айда 800 миллиард теңгеге өсіп, 31,9 триллион теңгеге жетті. Бұл наурыздағы 31,3 триллионнан кейінгі айтарлықтай серпіліс. Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, халықтың ұлттық валютаға деген сенімі қайта жанданып келеді. Дегенмен жалпы депозит көлемі аздап 167 миллиард теңгеге қысқарып, 41,3 триллион теңгені құрады, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Себеп шетел валютасындағы салымдардың азаюы. Яғни, халық та, компаниялар да доллар мен еуродағы жинақтарын азайтып жатыр. Қазір банктердегі 9,4 триллион теңге көлеміндегі валюта депозитінің 4,8 триллионы заңды тұлғалардың ақшасы. Қалғаны – қарапайым азаматтардың доллар мен еуродағы жинақтары. Ал барлық салымның ішінде 18,5 триллион теңге компаниялардың қаржысы болса, 22,8 триллионы  жеке тұлғалардың депозиттері. Сарапшылар мұны түсіндіріп отыр, теңгенің нығаюы мен валюта бағамының тұрақтылығы шетел валютасында ақша сақтаудың тартымдылығын төмендетіп жатыр. Қазір көбі ұлттық валютада жинақтауды жөн санайды. Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры қандай жинақтарға кепілдік берілмейтінін хабарлаған. Олардың қатарына металл шоттар, ислам банктеріндегі депозиттер, жинақ сертификаттары мен банк сейфтерінде сақталған қаражаттар кіреді. Яғни, елде теңгеге сенім қайта артып, валютаға деген қызығушылық біртіндеп төмендеп келеді.
Барлық жаңалық