📰 Сарапшылар пікірі

Депозит әзір ашпай тұра тұрған дұрыс па?

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5 пайыздан 18 пайызға дейін көтерді. Мұндай шешім инфляцияның күшеюі мен валюта нарығындағы тұрақсыз жағдайына байланысты қабылданды. Бұл жаңалық халықтың ақшасын қайда және қалай сақтауына, сонымен қатар инвестициялық шешімдеріне де әсер етеді. Тәуекелдерді басқару жөніндегі сарапшы, Vitis Korea Fund директоры және Vitis Capital компаниясының негізін қалаушы Ольга Эм қазіргі жағдайда жаңа депозит ашуға асықпауға кеңес береді. Оның айтуынша, әсіресе ұзақмерзімді немесе жинақ депозиттерін қазір ашу ерте болуы мүмкін, деп жазады Ozgeris.info.

Ольга Эмнің сөзінше, базалық мөлшерлеменің көтерілуі банктердің жұмысына тікелей әсер етеді. Бұл шешімнен кейін банктер өз депозиттік және несиелік өнімдерін қайта қарап, жаңа шарттар енгізе бастайды.

«Қазір инвесторлар мен салымшыларға бірнеше күн күте тұру керек. Ақшаны бірден ұзақмерзімді депозитке салуға болмайды. Банктердің жаңа ұсыныстарын күткен дұрыс. Себебі мөлшерлемелер өзгергеннен кейін қазіргі 18 пайыздық табыс көрсеткіші бұрынғыдай тиімді болмай қалуы мүмкін. Портфельде өтімді құралдардың үлесін көбейтіп, қысқа мерзімді шешімдерге басымдық беру дұрыс. Ал валюталық облигацияларға аздап қатысуға болады», дейді сарапшы.

Яғни, Ольга Эмнің айтуынша, қазір басты мақсат – ақшаны сақтау және жағдайдың қалай өзгеретінін бақылау. Себебі қаржы нарығы алдағы аптада қайта тепе-теңдікке келеді, сонда ғана нақты шешім қабылдауға болады. Сарапшы базалық мөлшерлеменің өсуі несие алуды қиындататынын да атап өтті.

«Қымбат несие кәсіпкерлердің белсенділігін азайтады. Инвестициялар қысқарып, кей салалардағы даму баяулайды. Бұл экономиканың өсу қарқынына әсер етуі мүмкін», дейді Ольга Эм.

Сонымен қатар ол акциялар нарығында да өзгерістер болатынын айтады.

«Мөлшерлеменің жоғары болуы тәуекел деңгейін төмендетеді. Инвесторлар бұрынғыдай пайда күте алмайды. Бұл, әсіресе, қарызы көп компаниялардың акция бағасына кері әсер етуі мүмкін. Өйткені жоғары мөлшерлеме кезінде бизнестен табыс табу қиындай түседі», деп түсіндірді сарапшы.

Ольга Эмнің айтуынша, алдағы уақытта банктер арасында халықтың қаражаты үшін үлкен бәсеке басталады.

«Депозиттерге ұсынылатын пайыздық мөлшерлемелердің жарысы басталады. Әр банк клиент тарту үшін жоғары табыс ұсынуға тырысады. Бірақ бұл қауіп те туғызады. Себебі табыс пайызын тым көтерген кейбір әлсіз банктер өз тұрақтылығын жоғалтуы мүмкін. Ал қаржылық жағдайы мықты банктер керісінше, нарықтағы орнын нығайтады», дейді ол.

Сарапшының пікірінше, алдағы айларда банк секторында «іріктеу кезеңі» жүреді. Яғни, сенімді және активтері сапалы банктер ғана өз позициясын сақтап қалады.

Не істеу керек? Ольга Эмнің кеңесі бойынша, қазір ең дұрыс қадам асықпау.

«Инвесторлар мен қарапайым салымшыларға жағдайдың тұрақтанғанын күтіп, жаңа депозиттік ұсыныстарды байқау қажет. Бірнеше күннен кейін банктер базалық мөлшерлемеге сай жаңа өнімдер ұсынады. Сонда ғана ақшаны тиімді орналастыруға болады», дейді сарапшы.

 

Барлық жаңалық