Дастан Сәтпаевтың «Челси» сапындағы алғашқы ойыны Қазақстан футболы үшін тарихи сәт болды. Ол Австралиядағы маусым алдындағы кездесуде негізгі құрамнан шығып, алғашқы минуттардан-ақ сенімді ойын көрсетті. Ең бастысы, дебюттік матчында гол соқты. Бұл тек статистика емес, Еуропаның ең үлкен клубтарының бірінде өзін бірден танытқан ойыншының мәлімдемесі еді, деп хабарлайды Ozgeris.info тілшісі.
Әлеуметтік желі неге жарылды?
Дастанның голынан кейін әлеуметтік желілерде бұрын-соңды болмаған қызығушылық байқалды. Голдың видеосы миллиондаған қаралым жинады. Қазақстандық жанкүйерлер ғана емес, шетелдік футбол парақшалары да бөлісті. «Chelsea», «Satpayev» атаулары бірнеше елдің футбол қауымдастығында талқыланды. Англия басылымдары Қазақстаннан келген жанкүйерлердің ерекше қолдауын атап өтті. Клубтың ашық жаттығуына Қазақстан туымен келген жанкүйерлердің көп болғанын жазды. Бұл – жай ғана голдың әсері емес. Бұл – бұрын ағылшын футболында мұндай деңгейге жетпеген қазақ футболшысына деген қызығушылықтың көрінісі.
Хаби Алонсо қандай белгі берді?
Ең маңызды шешімдердің бірі – Хаби Алонсоның Дастанды алғашқы матчта-ақ негізгі құрамға қосуы. 17 жастағы футболшыға алғашқы минуттардан сенім арту – жаттықтырушының оны тек туристік құрам үшін емес, футболшы ретінде бағалайтынын көрсетеді. Голдан кейін Хаби Алонсо Дастанның өзін жақсы көрсеткенін және шабуылдағы қозғалысы көңілінен шыққанын айтты. Баспасөз мәслихаты кезінде бас бапкер Дастанның жаттығуда белсенді екенін және шынымен жылдам, техникасы жақсы ойыншы екенін атап өтті.
Әлемдік сарапшылар не айтып жатыр?
Шетелдік басылымдардың ортақ бағасы бірнеше бағытқа тоғысады. Біріншіден, олар Дастанның ең үлкен артықшылығы – қозғалыс екенін айтады. Ол бос аймақты өте жылдам табады.
Екіншіден, шешім қабылдауы жасына қарағанда әлдеқайда жоғары деңгейде. Гол эпизодында ол допты қабылдап, бір сәтте соққы жасау арқылы тәжірибелі шабуылшыға тән суыққанды мінез көрсетті.
Үшіншіден, физикалық тұрғыдан Премьер-лига деңгейіне толық бейімделуі үшін уақыт қажет екені айтылып жатыр.
Британдық The Sun таблоиды қазақстандық шабуылшы Дастан Сәтпаевтың Лондонның «Челси» сапындағы дебюттік голын жоғары бағалады. Басылым 17 жастағы шабуылшыға Австралияның «Вестерн Сидней Уондерерс» командасына қарсы өткен жолдастық кездесудегі (6:4) ойыны үшін 7 ұпай беріп, оның сенімді өнер көрсеткенін атап өтті. Бағаға берілген түсіндірмеде журналист Джек Россер былай деп жазды:
«Ол техникалық тұрғыдан әлі ресми түрде „Челсидің“ ойыншысы саналмайды және қаралымдағы футболшы мәртебесінде өнер көрсетіп жүр. Соған қарамастан жас шабуылшы өз голын үлкен сенімділікпен жүзеге асырды».
Дастан Сәтпаевтың дебюттік ойыны басқа да БАҚ-тың да назарынан тыс қалмады.
Британдық Evening Standard басылымы қазақстандық шабуылшының матч бойындағы сенімді ойынын және гол соққан сәттегі сабырлылығын жоғары бағалады.
«Сәтпаев өз мүмкіндігін сәтті пайдаланып, командасын алға шығарды. Ол ойын соңына дейін белсенді өнер көрсетті», – деп жазды басылым.
The Sun газетінің журналисі Джек Россер де 17 жастағы футболшының өнеріне оң баға берді.
«Әзірге «Челсидің» толыққанды ойыншысы болмаса да, Сәтпаев өз мүмкіндігін үлкен сенімділікпен пайдаланды», – деді Россер.
Ал австралиялық Football360 бұл голдың тарихи маңызына тоқталды.
«Хаби Алонсо дәуіріндегі «Челсидің» алғашқы голын Қазақстаннан шыққан 17 жастағы футболшы соқты», – деп жазды басылым.
Сонымен қатар, әлемдегі ең талантты жас футболшылар туралы жазатын Rising Ballers платформасы да Сәтпаевтың жарқын дебютін ерекше атап өтіп, «Қайрат» түлегінің Еуропа футболының назарын өзіне аударғанын жазды.
Футбол сарапшысы Кирилл Бельский Дастан Сәтпаевтың дебютіне оң баға беріп, оның негізгі құрамнан алаңға шығуының өзі маңызды белгі болғанын айтты.
«Сәтпаев өте жақсы ойын көрсетті. Дастанның негізгі құрамда шыққаны мен үшін жағымды тосынсый болды. Онымен бірге қазір клуб академиясында ойнап жүрген бірнеше жас футболшы да алаңға шықты. Олардың бір бөлігі жастар командасында қалуы немесе жалға кетуі мүмкін. Бұл Дастанды да осындай жол күтіп тұрғанының белгісі болуы ықтимал. Бірақ бұл жаман сценарий емес. Себебі «Челси» болашағынан үміт күтпейтін ойыншыларды бұл маусым алдындағы жиынға мүлде алып келмеседі», – деді Бельский.
Жалға кете ме, әлде «Челсиде» қалады ма?
Бұл – ең көп талқыланып жатқан сұрақ. Қазіргі жағдайға қарасақ, екі сценарий бар. Бірінші сценарий – Алонсоның құрамында қалып, кубок ойындары мен ротацияда мүмкіндік алу. Екінші сценарий – тәжірибе жинау үшін жалға кету. Көптеген ағылшын клубтары дәл осындай жолмен таланттарды дамытады. Сарапшылардың бір бөлігі Дастанға тұрақты ойын тәжірибесі аса маңызды деп есептейді. Сондықтан жалға жіберілу ықтималдығы жоғары деген пікірлер бар. Бірақ дебюттік ойыны бұл шешімді қайта қарауға негіз болатыны да айтылуда. Осы туралы спорт сарапшысы Мсонде былай дейді:
«Сәтпаев, жігіт! Өте жоғары деңгейдегі техникасы бар. Допты жақсы ұстайды, дриблингі керемет, алаңды жақсы көреді әрі тамаша пастар береді. Допқа соққысы өте мықты. Жылдам жүгіргенде де жоғары жылдамдығын сақтайды. «Челсиде» көп ойын уақытын алса екен деп тілеймін. Егер жалға жіберілсе, мықты, жоғары деңгейде бәсекеге түсетін командада ойнағаны дұрыс».
Ал футбол жанкүйері Қайрат Қазездің пікірінше, Дастан Сәтпаев дебюттік матчында өзін жақсы қырынан көрсете білді. Алайда оның әлі де жетілдіретін тұстары бар.
«Жақсы ойын көрсетті. Екінші гол соғылған сәтте қарсы шабуылды бастап, нәтижелі шабуылдың өрбуіне үлес қосты. Бірақ қорғаныста позиция таңдауда әлі де тәжірибесі жетіспейді. Бұл уақыт өте келе қалыптасатын дүние. Меніңше, осы маусымды “Страсбургте” жалға берілген ойыншы ретінде өткізгені дұрыс. Қазір оған ең керегі – тұрақты ойын тәжірибесі мен тәжірибе жинау. Егер қосалқы құрамда көп отырып қалса, дамуы баяулауы мүмкін», – дейді футбол жанкүйері Қайрат Қазез.
Бәсекелестікті жеңе ала ма?
Бұл жерде эмоциядан гөрі шынайы жағдайды бағалау маңызды. «Челсиде» әлемдік деңгейдегі шабуылшылар өте көп. Бәсекелестік орасан. Алайда Дастанның бірнеше ерекшелігі жылдамдығы, кеңістікті сезінуі, допсыз қозғалысы, голдық инстинкті, қысымға қарамастан суыққанды әрекет етуі. Егер осы қасиеттерін сақтап, физикалық дайындығын күшейтсе, бірнеше жыл ішінде негізгі құрам үшін күресе алатын деңгейге жетуі әбден мүмкін. Қазақстандық футбол мамандарының басым бөлігі бір пікірде. Дастан – соңғы онжылдықтағы ең талантты қазақ шабуылшыларының бірі.
Олар оның ерекшелігі ретінде футбол интеллектін, ойынды оқу қабілетін; батылдығын, жастайынан халықаралық деңгейде ойнаған тәжірибесін атайды. Көпшілігі ендігі ең маңызды кезең – дұрыс даму жолын таңдау екенін айтады. Себебі таланттың өзі жеткіліксіз, тұрақты ойынтәжірибесі мен дұрыс орта қажет.
Осыған қатысты спорт сарапшысы әрі комментатор Фархат Қаналы Дастан Сәтпаевтың ойыны жоғары деңгейде болғанын атап өтті. Оның айтуынша, жас қазақстандық футболшы алғашқы матчтың өзінде көпшіліктің назарын өзіне аудара алған.
«Ойыны өте әдемі болды. Хаби Алонсоның өзі оның өнерін ерекше атап өтті. Матчтағы үздік ойыншылардың бірі болды. Тіпті кейбір мамандар оны Серхио Агуэроға ұқсатып жатыр. Дене бітімі де, қозғалысы да ерекше. Оны сол жақ қапталда да, шабуылшы ретінде де пайдалануға болады. Жаңадан келген ойыншылардың ішінде айқын ерекшеленді. Бәсекелестікті жеңуі де мүмкін, себебі Хаби Алонсо жас ойыншыларға мүмкіндік бергенді жақсы көреді. Оның ойын стилі Англия Премьер-лигасының қарқынына да сай келеді», – дейді Фархат Қаналы.
Танымал спорт сарапшысы әрі комментатор Ермұхамед Мәулен де Дастан Сәтпаевтың дебютіне жоғары баға берді. Ол Instagram парақшасында жариялаған видеосында бұл оқиғаны қазақстандық футбол үшін тарихи жетістік деп бағалады.
«Дастанның “Челсиде” ойнауы – үлкен жетістік. Ойлап қараңызшы, бұған дейін біздің қай баламыз әлемнің үздік чемпионаттарының бірінде доп тепті? “Қайраттың” түлегі бүгінде Еуропада өнер көрсетіп жүр. Меніңше, бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы футболдағы ең үлкен жетістіктердің бірі», – дейді Ермұхамед Мәулен.
Неге бұл гол ерекше?
Бұл – жай ғана жолдастық матчтағы гол емес. Бұл гол бірнеше маңызды нәрсені көрсетті. Біріншіден, қазақ футболшысы әлемдік грандтың жейдесінде гол соға алатынын дәлелдеді. Екіншіден, Еуропа Қазақстан футболына бұрынғыдан көбірек назар аудара бастады.Үшіншіден, қазақстандық жас футболшылар үшін жаңа психологиялық тосқауыл бұзылды. Бұрын Англия Премьер-лигасы қол жетпейтін арман болып көрінсе, енді ол нақты мақсатқа айналып келеді.
Уақыт көрсетеді...
Дастан Сәтпаевтың «Челсидегі» дебюті – бір ойынмен бағаланатын оқиға емес. Бірақ алғашқы әсер өте күшті болды. Гол, негізгі құрамдағы сенімді ойын және әлемдік футбол қауымдастығының назары оның дұрыс бағытта келе жатқанын көрсетті. Алда оны ауыр бәсекелестік, жоғары талап және үлкен қысым күтіп тұр. Дегенмен дәл осындай дебюттен кейін Дастанның тек Қазақстанның емес, Еуропадағы болашағы жарқын жас шабуылшылардың бірі ретінде қарастырыла бастағаны анық. Ендігі басты міндет – осы сенімді тұрақты ойынмен ақтап, «Челсидегі» мүмкіндігін толық пайдалану.
Дастанның голы бүкіл Қазақстанды біріктірді. 17 жастағы қазақ футболшысының Англия Премьер-лигасының үздік клубтарының бірінде өнер көрсетуі – Қазақстан футболы үшін үлкен жетістік. Бәлкім, ол болашақта АПЛ-дің ең үздік футболшыларының қатарына қосылар. Бірақ оған уақыт төреші.