ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында қайтыс болған Ақтаулық 13 жасар баланың анасымен кездесетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Министр баланың өліміне қатысты тексеруді өз бақылауында ұстағанын айтты.
Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті мен Маңғыстау облыстық көпсалалы балалар ауруханасы мен №2 Ақтау қалалық емханасындағы жергілікті атқарушы органдар деңгейіндегі комиссияның жоспардан тыс тексеру қорытындысы бойынша дөрекі бұзушылықтар анықталды.
Министрдің айтуынша, облыстық балалар ауруханасының директоры қазірдің өзінде атқаратын қызметінен босатылды.
«Медициналық көмек көрсету фактісі бойынша прокуратура қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу аяқталып, материалдар сотқа жолданды. Біз медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігі бөлігінде жағдайды бақылауда ұстауды жалғастырамыз. Мұндай жағдайлар формальды жауаптарды емес, нақты тұжырымдар мен жүйелі шешімдерді талап етеді», — деп хабарлады Ақмарал Әлназарова Instagram парақшасында.
Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы қайтыс болған баланың анасын Астанада жеке қабылдауға дайын екенін растады.
«Астанада қайтыс болған баланың анасын жеке қабылдаймын. Отбасы үшін бұл орны толмас қайғы, кінәлілер әділ жазасын алады», — деді министр.
Еске салсақ, 17 қаңтарда Ақтау тұрғыны Жұлдыз Азанованың 13 жасар ұлы кенеттен ішінің қатты ауырғанына шағымданған.
Жедел жәрдем баланы соқыршек күдігімен өңірлік көпсалалы балалар ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізген. Бала онда үш сағаттай болған. Алдын ала диагноз расталмаған соң, оны үйіне жіберген.
Дегенмен, ауырсыну басылмай, дене температурасы күнделікті дерлік көтеріліп тұрған. Отбасы медициналық көмекке, соның ішінде емхана мен инфекциялық ауруханаға бірнеше рет жүгінген.
Нәтижесінде жағдайы қатты нашарлағаннан кейін ғана бала ауруханаға жатқызылып, оған ота жасалған.
Жұлдыз Азанованың айтуынша, ота кезінде дәрігерлер аппендикті ғана емес, ішектің едәуір бөлігін де алып тастаған. Әйелдің сөзінше, хирургиялық араласу кезінде баланың жүрегі бірнеше рет тоқтап қалған.
19 ақпанда бала санитарлық авиациямен Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жеткізілді. Бұған қарамастан баланы құтқару мүмкін болмады. 2026 жылдың 13 сәуірінде дәрігерлер өлім фактісін тіркеді. Ұлы қайтыс болғаннан кейін анасы медицина қызметкерлерінің әрекетіне баға беруді және тексеру жүргізуді талап етіп бейнеүндеу жазды.