Жаңалықтар

Дамир Бекбосынов Қазақстан күрес федерациясының бас хатшысы болып тағайындалды

Қазақстан күрес федерациясының бас хатшысы қызметіне Дамир Бекбосынов тағайындалды деп хабарлайды Оzgeris.info. Бұл туралы федерацияның ресми дереккөздері хабарлады.

 

Дамир Бекбосынов – спорт саласында ғана емес, жастар саясаты мен патриоттық тәрбие бағытында да белсенді еңбек етіп жүрген тұлға. Ол «Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі ретінде жас буынның азаматтық ұстанымын қалыптастыруға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ерекше көңіл бөліп келеді.

 

Жаңа бас хатшы – қазақ күресінен Қазақстан Республикасының спорт шебері. Ол ұлттық күрес түрлерін дамытуда айтарлықтай басқарушылық тәжірибеге ие. 2023 жылдан бері Дамир Бекбосынов Qazaq Kuresi ассоциациясының бас директоры қызметін атқарып, қазақ күресін жүйелі түрде дамыту, халықаралық деңгейде насихаттау бағытында бірқатар бастамаларды іске асырды.

 

Сонымен қатар, 2025 жылдан бастап ол ұлттық күрес түрлері бойынша United World Wrestling (UWW) халықаралық ұйымының Атқарушы комитетінің құрамына енді. Бұл – қазақстандық маманның әлемдік күрес қауымдастығындағы беделін көрсететін маңызды қадам.

 

Федерация басшылығының айтуынша, Дамир Бекбосыновтың бұл қызметке келуі Қазақстанда күрес түрлерін одан әрі дамытуға, ұлттық спорттың халықаралық аренадағы позициясын нығайтуға және жас спортшыларды тәрбиелеу ісіне жаңа серпін береді деп күтілуде.

Барлық жаңалық