Жаңалықтар

«Дала Қырандары» қозғалысы Петропавлда жаңа қырандарды қабылдады

Петропавлда 8 қараша күні «Дала Қырандары» қоғамдық қозғалысының жаңа қатарын толықтырған мүшелерге арнайы төсбелгілер табысталды деп хабарлайды Оzgeris.info. Салтанатты шараға ұйым өкілдері, ата-аналар мен қала жастары қатысты.

 

Ұйым мәліметінше, үміткерлер қатаң іріктеу кезеңінен өткен. Тексеру бірнеше бағытты қамтыды: физикалық дайындық, ұйым жарғысы мен құндылықтары бойынша білім,  жеке сұхбат және психологиялық тұрақтылықты бағалау.

 

Әр кезеңде олардың тәртіптілігі, ұйымшылдығы, жауапкершілігі және қоғамға қызмет етуге дайындығы басты өлшем болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, үміткерлер жоғары мотивация көрсетіп, «қыран» атағына лайық екенін дәлелдеген.

 

Табыс етілген төсбелгі олардың еңбегін мойындаудың, сондай-ақ «Дала Қырандары» қауымына ресми түрде қабылданғанының басты нышаны. Белгі жаңа мүшелерге ұйым миссиясын ұстануға, елге адал қызмет етуге міндет жүктейді.

 

Шара соңында қозғалыс басшылығы жас қырандарға алдағы қызметінде табыс тілеп, ұлттық рухты көтеру, тәртіптілік пен жауапкершілікке адал болу идеясын атап өтті.

 

 

 

Барлық жаңалық