Қарағанды қаласында суррогат алкогольдің заңсыз айналымы анықталды. «Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігінің өкілдері қоғамдық мониторинг жүргізу барысында халық денсаулығына қауіпті өнімнің сатылып жатқанын әшкереледі деп хабарлайды Оzgeris.info.
Тексеру жұмыстарын жүргізуге қала тұрғындарының өтініштері негіз болған. Азаматтар қоғамдық ұйым өкілдерінен тек шағын сауда нүктелерін ғана емес, ірі базарлар мен сауда орындарын да бақылауға алуды сұраған. Осыған байланысты жүргізілген іс-шаралар барысында Қарағандыдағы «Шығыс» базарынан 185 литр суррогат алкоголь анықталып, тәркіленді.
Қоғамдық бірлестік өкілдерінің айтуынша, суррогат алкоголь адам өмірі мен денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді. Мұндай өнімдер ауыр улануға, тіпті өлім жағдайларына әкелуі мүмкін.
«Дала Қырандары» жастар қоғамдық бірлестігі алдағы уақытта да заңсыз саудаға қарсы мониторинг жұмыстарын жалғастырып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларды күшейтетінін мәлімдеді.
Айта кетейік, соңғы жылдары еліміздің бірқатар өңірінде сапасыз әрі заңсыз алкоголь өнімдерін сату деректері жиілеп, қоғам тарапынан алаңдаушылық тудырып отыр.