«Дала Қырандары» жастар бірлестігі синтетикалық есірткіге қарсы #Сатқындар науқанын бастады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
2025 жылдың қыркүйек айында елімізде жастар арасында есірткіге қарсы жаңа қозғалыс басталды. «Дала Қырандары» жастар бірлестігі синтетикалық есірткінің таралуына тосқауыл қою мақсатында #Сатқындар атты республикалық науқанды қолға алды.
Бұл бастамаға Қазақстанның барлық өңірлерінен, соның ішінде Түркістан қаласынан да белсенді жастар тобы қосылып, қоғамда үлкен серпіліс тудырды. Қатысушылар өз еріктерімен рейдтер ұйымдастырып, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде есірткі сатуға бағытталған телеграм-арналарды анықтаумен айналысып жүр.
Жастардың айтуынша, олардың басты мақсаты – адамдарды алғашқы дозадан арашалау және қоғамда есірткіге қарсы жауапкершілік пен бейжай қарамау мәдениетін қалыптастыру.
«Біз әр сілтемені өшіріп, әр аккаунтты бұғаттаған сайын, бір адамды тәуелділіктен құтқаруға мүмкіндік бар екенін білеміз. Бұл – біздің азаматтық борышымыз», – дейді Түркістандық белсенділердің бірі.
Мамандардың пікірінше, мұндай бастамалар жастардың әлеуметтік белсенділігін арттырып қана қоймай, қоғамда есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыруға септігін тигізеді.
Қазіргі таңда #Сатқындар науқаны аясында ондаған есірткі жарнамалайтын арналар жабылып, құқық қорғау органдары тарапынан тергеу жұмыстары жүргізілуде.