Алматыда өткен Central Asia Warehouse Summit (CAWS 2025) биыл аймақтық логистиканың басты айнасына айналды. Орталық Азияның геоэкономикалық салмағы артып, Қазақстан Қытай мен Еуропа арасындағы ғана емес, Таяу Шығыс бағытындағы да негізгі логистикалық торапқа айналып келеді. Саммит осы үрдістің нақты көрінісі болды, деп жазады Ozgeris.info.
Склад нарығы рекорд жаңартты
Индустриялық және қойма нарығында жұмыс істейтін IBC Global компаниясының дерегінше, Орталық Азиядағы қойма қоры бүгінде 2,8 млн шаршы метрге жеткен. Оның ішінде 2 млн шаршы метрі – Қазақстанның үлесінде. Елде 2025 жылдың үш тоқсанында қойма алаңдарының көлемі 25% өсті, бұл нарықтың өміршеңдігі мен сұраныстың артып келе жатқанының айқын дәлелі.
«Бүгінгі таңда қоймаларға деген сұраныстың ең жоғары көрсеткіші – Қазақстанда. Ваканттылық деңгейі 5,7%. Бұл тепе-тең нарық бар екенін білдіреді: сапалы қоймаларға тапшылық бар, бірақ таңдау мүмкіндігі де пайда болды. Былтыр бұл көрсеткіш небәрі 0,5% болатын. Демек, нарық біртіндеп кәсібиленіп, ұсыныс пен сұраныс арасындағы айырмашылық азайып келеді», дейді IBC Global аймақтық директоры Роман Пак.
Қойма нарығының өсуі аймақтық тұтыну деңгейінің тікелей нәтижесі. INFOLine және NielsenIQ сарапшыларының есебіне сәйкес, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында бөлшек сауда көлемі Қазақстанда 7%, Өзбекстанда 9% артқан.
Алматының өзінде 24 мыңнан астам дүкен жұмыс істейді, ал еліміздің электронды сауда көлемі 6 млрд АҚШ долларынан асып отыр. Kaspi.kz, Ozon, Wildberries сияқты ірі маркетплейстер өздерінің цифрлық логистика жүйесін дамытып, жаңа үлгідегі дистрибуциялық орталықтар салып жатыр. Бұл инфрақұрылымдық серпіліс – қойма саласының өсімін қамтамасыз еткен негізгі фактор.
«Қойма көп» деген – миф
Сарапшылардың айтуынша, қойма нарығы әлі де тапшылық кезеңін бастан өткеріп отыр. INFOLine негізін қалаушы Иван Федяков:
«Қазір ұсыныс көп сияқты көрінгенімен, сапалы қоймалар аз. Бұрын Ресейдегі логистикалық хабтар халықаралық жүк ағымын өңдейтін. Қазір ол жүктің көп бөлігі Қазақстанға қарай бағыт алды. Бұл елді транзиттік дәлізден гөрі – өз алдына тұтынушы нарыққа айналдырып отыр. Экономика өсіп келеді, демек жаңа өндіріс пен сақтау қуаттары қажет», дейді ол.
IBC Global басқарушы серіктесі Станислав Ахмедзянов қойма саласының басты мәселесін – «көлем бар, жүйе жоқ» деп атады.
«Қазір көптеген нысандарда заманауи стандарттар сақталмайды. Өрт қауіпсіздігі, энергия тиімділігі, сақтау технологиясы сияқты талаптар ескірген. Ал e-commerce дәуірінде бұл жол берілмейтін жағдай. Қазақстан қойма құрылысын санмен емес, сапамен өлшеуге көшпейінше, логистикалық потенциал толық ашылмайды», дейді ол.
Сондықтан сарапшы «А» класты қоймалар салу тәжірибесін кеңейту қажет деп есептейді. Мұндай нысандардың құрылыс құны жоғары болғанымен, жұмыс тиімділігі мен логистикалық шығыны азаяды, яғни ұзақ мерзімде өзін толық ақтайды.
$250 млн инвестиция: алғашқы қойма REIT-фондтары іске қосылды
Саммит аясында маңызды жаңалық жарияланды: Орталық Азияда алғашқы қойма жылжымайтын мүлікке арналған инвестициялық қорлар (REIT) құрылды. Бұлар Eurasian Warehouse REIT OEIC Ltd. және Central Asia Warehouse PEF OEIC Ltd.. Бұл қорлар аймаққа $250 млн-нан астам инвестиция тартуды көздейді. TG Global компаниясының директоры Есжан Біртанов:
«Біз алғашқы кәсіби REIT-қорды іске қосып отырмыз. Мақсат – халықаралық тәжірибені жергілікті нарыққа бейімдеу, инвесторларға ашық әрі сенімді құрал ұсыну. Қазақстан үшін бұл – логистиканы қаржылық актив деңгейіне көтерудің алғашқы қадамы», деді.
Қазіргі таңда Focus Logistics, Continental Logistics, Imagine Apple Logistics, ALG Company және Астык Логистик елдегі «А» класты қоймалардың жартысына жуығын иеленіп отыр.
Саммитте логистикалық жобаларды қаржыландыру мәселесі де кең талқыланды. Инвесторлар әзірге жоғары тәуекелге баруға дайын емес. Банктер дәстүрлі несиелеу моделін ұстануда – кепілсіз жобаға қаржы бөлу сирек. Бірақ нарықта жаңа құралдар талқылана бастады: облигациялар, активтерді токенизациялау, даму институттарының қатысуы. Даму қоры мен Қазақстанның Даму Банкі 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларды қаржыландыруға дайын екенін мәлімдеді.