Батыс Қазақстан облысында тәртіп сақшылары арасында қайғылы оқиға орын алды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты sputnik.kz сайтына сілтеме жасап.
Ақжайық ауданына қарасты Чапаев ауылындағы аудандық ішкі істер бөлімінің ауласында полиция сержанты өзінің тікелей бастығына қару қолданған.
Оқиға бейсенбі күні шамамен 16:30-да болған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қоңырау 16:32-де түскен, алайда дәрігерлер жеткенше жәбірленуші қаза тапқан. Марқұм – 32 жастағы взвод командирі.
Күдікті – 24 жастағы полиция сержанты. Ресми деректерге сүйенсек, ол табельдік қарумен бастығына оқ атқан. Қазір күдікті ұсталып, қамауға алынды.
Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов та оқиғаны растады. Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.