Жаңалықтар

БҚО-да киік санын реттеу жұмыстары басталды

Батыс Қазақстан облысында киік санын реттеу жұмыстары ресми түрде қолға алынды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.

 

Облыс әкімдігінің мәліметінше, киік ату шаралары 2025 жылдың 30 қарашасына дейін жалғасады. Бұл шараның негізгі мақсаты — табиғи тепе-теңдікті сақтау, жайылымдар мен егістік алқаптарын киіктердің шамадан тыс көбеюінен туындайтын зияннан қорғау.

 

Атқарылып жатқан жұмыстарға шамамен 40 маман жұмылдырылған. Төрт арнайы бригада құрылып, олардың әрқайсысы үш көлік құралымен жабдықталған. Жалпы саны 12 техника қолданылады.

 

Биылғы жылы жүргізілген әуеден санау нәтижесіне сәйкес, облыс аумағында 2,3 миллионға жуық киік тіркелген. Ғалымдардың есептеуінше, популяцияға зиян келтірмей 20 пайызға дейін — шамамен 460 мың басты атуға болады.

 

Ауланған киіктердің еті арнайы белгіленген кәсіпорындарға жеткізіліп, өңдеуден өтеді. Болашақта бұл іске басқа да ет комбинаттарын тарту жоспарланып отыр.

 

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, киіктердің бақылаусыз көбеюі ауыл шаруашылығына елеулі зиян келтіріп, экологиялық тепе-теңдікке қауіп төндіруде. Реттеу жұмыстары Үкіметтің қаулысы негізінде, барлық заңдық және экологиялық талаптарға сәйкес жүргізілуде.

Барлық жаңалық