Желдің қатты екпіні өткен аптада БҚО-дағы Жаңақала ауданына қарасты Бірлік ауылындағы мектептің төбесін зақымдап, спорт залдың шатырын ұшырып әкетті. Қазір залдың төбесінен аспан көрінеді, дейді күйінген тұрғындар. Шұрық-тесік төбеден жаңбыр суы құйылып, қабырға көгеріп кеткен. Ашынған ауылдықтар енді баласын сабаққа жібергісі жоқ, деп хабарлайды "Астана" арнасы.
"Мектебіміз қазіргі таңда апатты күйде тұр. Ол жерде білім алу тіпті мүмкін емес. Енді ауыл тұрғындары мен аудан әкімдігі бірігіп, білім басқармасынан алдағы оқу жылында балаларымыздың қауіпсіз жерде білім алуын қарастыруды сұрап отыр. Бұл шартымыз орындалмаған жағдайда, ауыл тұрғындары бірігіп, оқушыларымызды келер оқу жылында жібермеуге мәжбүрміз деп шешіп отырмыз, - дейді тұрғын Зергүл Сағатова.
Білім саласына жауапты мамандар жағдайдан хабардар екенін жеткізді. 230 оқушы оқитын мектеп шатырының 579 шаршы метрі бүлінген, терезелерінің жартысынан астамы жарамсыз. Бірақ мамандар биыл ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, оқушыларды басқа қауіпсіз жерге көшіреміз деп сендірді.
"Қазіргі уақытта Жаңақала ауданы әкімдігі аудандық білім бөлімімен бірлесіп, бұл ғимараттарды жаңа оқу жылына дайындау бойынша қажетті ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуде. Барлық нысан санитариялық талаптар мен қауіпсіздік нормаларына сәйкестендіріліп, оқушылардың қауіпсіз әрі жайлы жағдайда білім алуына қажетті жағдай жасалады", - дейді БҚО білім басқармасының бас маманы Нұргүл Нұрланқызы.