Астанада қоғамдық көлікте бойжеткенге әдепсіз әрекет жасаған 46 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Оқиға туралы бойжеткен Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазба жариялаған. Оның сөзінше, автобустағы ер адам әдейі тиісіп, денесіне қолын тигізген. Бұл жағдай әлеуметтік желіде қызу талқыланып, құқық қорғау органдарының назарына іліккен.
«Бөксеме бір нәрсенің тигенін сездім. Артыма бұрылып қарасам, оның қолын көрдім. Бұл автобустағы адам көптігінен болған кездейсоқ жанасу емес еді. Ол мені сипалап тұрды. Мен бірден бұрылып, одан алшақтадым да, оған: “Ұятсыз!” дедім», – деп жазған бойжеткен.
Сондай-ақ ол оқиға кезінде айналасындағы адамдардың ешқандай әрекет жасамағанын айтқан. Бұған дейінгі жағымсыз тәжірибесіне байланысты бойжеткен полицияға жүгінуге де күмәнмен қараған. Алайда болған жағдайды көпшілікке жариялауды жөн көрген.
Тексеру нәтижесінде 46 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Жиналған материалдар тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жолданған.