Сотталған блогер Ерболат Жанәбілов пен оның жұбайы Эльмира Төлегеновадан тәркіленген автокөліктер сатылымға шығарылды. Тиісті хабарландырулар E-Qazyna мемлекеттік мүлік тізілімі порталында жарияланды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Порталда 2025 жылы шығарылған Hyundai Elantra маркалы сегіз автокөлікті өткізу туралы мәлімет орналастырылған. Сот шешімімен дәл осындай көліктер Жанәбіловтерден тәркіленген болатын.
Хабарландыруларға сәйкес, барлық автокөлік Zhana Business ЖШС атына тіркелген. Компанияның басшысы ретінде Ерболат Жанәбіловтің жұбайы Эльмира Төлегенова көрсетілген.
Қазіргі уақытта көліктер Астана қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің теңгерімінде тұр. Сатып алуға ниетті тұлғалар E-Qazyna порталы арқылы өтінім бере алады. Алайда хабарландыруларда бастапқы сату бағасы көрсетілмеген. Әр автокөліктің бағалау құны 8 млн 395 мың теңге деп белгіленген.
Сонымен қатар нысандардың сипаттамасында бұл мүліктің мемлекеттік заңды тұлғалардың теңгеріміне берілмейтіні жазылған. Өтінімдерді тек құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар, сондай-ақ Президенттің, саяси мемлекеттік қызметшілер мен Парламент депутаттарының қызметін қамтамасыз ететін ұйымдар ғана бере алады.
Автокөліктердің жиынтығына екі кілт пен техникалық төлқұжат кіреді. Дегенмен жүк салғышта қосалқы дөңгелек пен стандартты құрал-саймандар жиынтығы жоқ екені көрсетілген. Сондай-ақ көліктердің техникалық жағдайын тексеру мүмкін емес және олардың барлығына арест қойылған.
Хабарландыруда көрсетілген мекенжайға сәйкес, тәркіленген көліктер қазір Астанадағы жүк тасымалымен айналысатын компания аумағында сақтаулы тұр.