Жаңалықтар

Блогер Айтым Жақыпов заң бұзғаны үшін жауапқа тартылды

Блогер Айтым Жақыпов заң бұзғаны үшін жауапқа тартылды

Қазақстандық блогер әрі спортшы Айтым Жақыпов Астанада жол қозғалысы ережелерін бірнеше рет бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Ozgeris.info.

Әлеуметтік желілерде бұған дейін Mercedes-Benz маркалы автокөліктің өрескел жол ережелерін бұзып келе жатқан сәті түсірілген бейнежазба кеңінен тараған. Оқиға елордадағы Қарқаралы тасжолында, LRT желісі маңында болғаны айтылған.

Бейнежазбада жүргізушінің жол жиегімен қозғалып, жол белгілерінің талаптарын елемегені көрінеді. Сондай-ақ ол бұрылыс шамын қоспай маневр жасап, қарсы бағыттағы жолаққа шығып, жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндірген.

Желі қолданушылары көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі арқылы жүргізушінің Айтым Жақыпов екенін анықтаған. Кейін блогер көлікті өзі басқарғанын мойындап, көпшіліктен кешірім сұрады.

«Шынымен қатты асығып жүрдім. Егер әрекетіммен біреуге қолайсыздық немесе қауіп тудырсам, шын жүректен кешірім сұраймын», – деп жазды ол.

Астана қаласының полиция департаменті әлеуметтік желілерде жарияланған видеоны зерделеп, жүргізушінің жеке басын анықтағанын хабарлады.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, 34 жастағы жүргізуші жол белгілерінің талаптарын сақтамағаны, қарсы қозғалыс жолағына шыққаны және маневр жасау қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Айтым Жақыпов – Қазақстандағы танымал блогер әрі спортшы. Оның Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасына 3,9 миллионға жуық адам жазылған. Ол воркауттағы рекордтарымен, пауэрлифтингтегі жетістіктерімен және артық салмағы бар адамдарға арналған әлеуметтік жобаларымен көпшілікке кеңінен танылған.

Барлық жаңалық