«МұнайСпецСнаб Компани» серіктестігінің жұмысшылары еңбек құқықтарының бұзылуына наразылық білдіріп, ереуіл жариялады деп хабарлайды Ozgeris.info сайты КазТАГ сайтына сілтемемен.
Жиналған жұмысшылар өз талаптарын видеоүндеу арқылы билік пен қоғам назарына жеткізді.
«Біз, “МұнайСпецСнаб Компани” қызметкерлері, еңбек құқықтарымыздың бұзылуына және әлеуметтік әділетсіздікке алаңдаймыз. 2025 жылдың 28 қазанынан бастап біздің талаптарымыз орындалмағандықтан, жұмысты уақытша тоқтаттық. Біздің басты талабымыз – еңбек адамының құқығы қорғалып, әділдік орнауы. Жұмысшылардың дауысы естілсін!» — деп мәлімдеді ер адам жиналған әріптестерінің алдында.
Кадрлардан ондаған қызметкердің оның сөзін қолдап, ұран тастағаны көрінеді.Әлеуметтік желілерде тараған тағы бір видеода компания ғимараты маңында тұрған адамдардың бірі жағдайды былай түсіндіреді:
«Бізде тұрақты жалақы жоқ, еңбекақы ұзақ уақыттан бері көтерілмеді, Конституция күніне арналған сыйақы да берілмеді. Бұл нағыз еңбек дауы».
Бірақ кейбір деректерге сәйкес, жұмысшылардың ереуілін белгілі бір топтардың әдейі ұйымдастырған болуы мүмкін екені де жоққа шығарылмайды.Қазір жағдай жергілікті билік пен еңбек инспекциясының бақылауында. Тараптар келіссөз жүргізу үшін арнайы комиссия құруды талқылап жатыр.