Жаңалықтар

Биыл Қазақстанда білім гранттары 99% игерілді

Биылғы жылы 210 мыңнан аса түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты. Солардың 160,5 мыңы немесе 76,35 пайызы жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік беретін шекті деңгейді еңсерді. 2025 жылғы мемлекеттік гранттар конкурсына 113 мыңға жуық өтініш қабылданды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 9 мыңға артық, деп хабарлайды ozgeris.info сайты ortcom.kz сайтына сілтеме жасап. 

 

Жалпы биыл 93 232 грант бөлінген, оның ішінде 77 мыңнан астамы – жоғары білім алуға бағытталған. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова хабарлады. Оның айтуынша, конкурс қорытындысы бойынша гранттардың 99 пайызы игерілген. Барлық ЖОО-ларда қабылдау науқаны аяқталды.

 

Вице-министрдің сөзінше, жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру үшін биыл «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізу жөніндегі заң қабылданған. Жаңа жүйе студенттерді қолдаудың қосымша тетігіне айналып отыр. Заң күшіне енген сегіз айдың ішінде шамамен 35 мың азамат «Келешекке» қатысушы ретінде тіркелген.

 

Сонымен қатар әкімдіктер, жұмыс берушілер және әртүрлі қорлар мемлекеттік гранттардан тыс қосымша 5 мыңға жуық грант бөлген.

 

Бұдан бөлек, соңғы жылдары студенттер стипендиясының көлемі едәуір өсті. 2020 жылмен салыстырғанда оның мөлшері екі есеге артқан. 1 қыркүйектен бастап бакалаврларға – 52 372 теңге, педагогикалық мамандық студенттеріне – 84 мың теңге, магистранттарға – 117 098 теңге, ал докторанттарға – 262 500 теңге төленеді.

Барлық жаңалық