Биыл Қазақстанда жоспарланған 1,6 мың ауылдың 370-і интернетке қосылды. Ауылдық елді мекендерге тартылған байланыс желілерінің жалпы ұзындығы 11 819 шақырымға жетті. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
«Ауылдық жерлерде биыл жоспарланған 1,6 мың ауылдың 370-і байланысқа қосылды. Жалпы ұзындығы 11 819 шақырым байланыс желісі тартылды», – деді министр.
2027 жылы облыстық және республикалық маңызы бар 40 мың шақырым автожолды байланыспен қамту жоспарланып отыр. Ол үшін 500-ден астам антенна-мачталық құрылым орнату көзделген.
Сонымен қатар 20-дан астам қалада 5G желісінің 4 мыңнан астам базалық станциясы орнатылды. Beeline және Starlink Mobile компанияларымен бірлесіп Direct-to-Cell технологиясы іске қосылды. Бұл технология спутник пен смартфон арасында тікелей байланыс орнатып, елдің кез келген нүктесінде хабарлама жіберуге және интернеттің базалық қызметтерін пайдалануға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, 50 теміржол бағыты бойынша қатынайтын 124 пойыздың 1,5 мың вагоны интернетпен қамтылды. Қазір 7 ұшақ пен 50 туристік нысанды интернетке қосу жұмыстары жалғасып жатыр.
Сондай-ақ ұзындығы 4 511 шақырым болатын «Батыс – Шығыс» гипермагистралінің жартысы тартылды.