2025 жылы еліміздің жоғары оқу орындарына 93 мың грант қана бөлінеді. Бұл былтырғыдан 19 мыңға аз. Вице-премьер Ермек Көшербаевтың айтуынша, биылғы көрсеткішке магистратура мен докторантураға арналған орындар да кіреді. Грант санының азаюы сұраныс пен салалық жоспарлауға байланысты болып отыр, деп жазады Ozgeris.info.
Соған қарамастан, басқа бағыттарда білімге қолдау күшейген. Мысалы, студенттердің шәкіртақысы мен колледждерге бөлінетін қаржы екі есе өскен. Бұған қоса, шетелдік 24 университеттің филиалы ашылып, жатақхана тапшылығы 72% азайған.
Білім беру инфрақұрылымына да басымдық беріліп жатыр. Мәселен, кейінгі екі жылда елімізде 274 жаңа мектеп ашылды. Оның ішінде 115 мектеп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған. Тағы 177 мектептің құрылысы жүріп жатыр.
Балабақша мәселесі де шет қалған жоқ. Жыл басынан бері 13 мың балаға арналған 172 жаңа балабақша іске қосылған. Ал 1,7 миллион оқушы бүгінде тегін ыстық тамақпен қамтылып отыр. Оның ішінде 99 мың бала әлеуметтік осал топтан. Бұл мақсатқа 18,4 млрд теңге бөлінген.
Яғни, биылғы білім саясатының басты ерекшелігі – грант санының қысқарғанымен, жалпы қолдау жүйесінің ауқымдылығы. ЖОО-ға түсу қиындауы мүмкін, бірақ сапалы орта білім мен студенттерге жағдай жасауға бағытталған қадамдар көбейіп келеді.