10 шілде күні өткен «Әділет» партиясының кезекті III съезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық құрылтайының мүшелігіне ұсынылатын кандидаттардың тізімі жарияланды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Олардың қатарында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша мемлекеттік айыптаушы болған прокурор Айжан Аймағанова да бар.
Съезд барысында таныстырылған тізімге барлығы 186 кандидат енгізілген. Олардың арасында Ерлан Қарин, Жұлдыз Сүлейменова, Әділ Балтабаев, Марат Қожаев, Айдос Сарым, Жанарбек Әшімжан, Ерлан Саиров, Асхат Аймағамбетов және басқа да қоғам қайраткерлері мен сарапшылар бар.
Айжан Аймағанова қоғамда үлкен резонанс тудырған Қуандық Бишімбаевтың сот процесінде мемлекеттік айыптаушы ретінде қатысып, кәсіби біліктілігі мен қағидатшылдығының арқасында көпшіліктің оң бағасына ие болған еді.
Енді ол «Әділет» партиясының атынан Ұлттық құрылтай құрамына депутаттыққа ұсынылған кандидаттардың қатарында.